ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ КЕЙБІР БАСШЫЛАРЫ АДАЛДЫҚ ТАНЫТА АЛМАҒАН

Уақыты: 11.01.2022
Оқылды: 1390
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздіктен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы Кәрім Мәсімов ұсталып, оған және оның жақтастарына мемлекетке сатқындық жасады деген айып тағылғаны белгілі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Парламент Мәжілісінің отырысында тағы бірқатар қалаларда Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары борышына адалдық таныта алмағанын айтты.

«Шетін жағдайда Қорғаныс министрлігі мен мемлекеттік қызметтегі әскери қызметшілер абыроймен көзге түсті. Бірақ бәрі бірдей өзінің борышына адалдық танытқан жоқ. Бірқатар қалаларда Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қызметтік ғимараттарды, ондағы қару мен құпия құжаттарды айқассыз тастап кетті», - деді Мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында ҚР Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынып, оны Мәжіліс қабылдады. Президент жуықта Қазақстанды саяси трансформациялау жөніндегі жаңа ұсыныстарын жариялайтынын айтқан. Сондай-ақ, ол 7 қаңтарда халыққа жасаған Үндеуінде Үкіметке бүгінгі Мәжіліс отырысында нақты тапсырмалар беретінін айтқан еді. «Үкімет менің 11 қаңтарда Мәжілісте айтатын сөзіме қатысты нақты шешімдер қабылдауы керек», - деген еді Мемлекет басшысы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"