ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАТЫСЫ БАР ЛАУАЗЫМДЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ АТЫ-ЖӨНІ АЙТЫЛДЫ

Уақыты: 10.05.2022
Оқылды: 1772
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, Жетісу жерінде орын алған парақорлық деректері талқыланды. Комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысқан жиынға аудан, қала әкімдері селектор режимінде қосылып, қоғамның жегіқұртына айналған сыбайлас жемқорлықты жоюдың жолдарын қарастырды. Жиында жемқорлық дерегіне қатысты лауазымды қызметкерлердің аты-жөні айтылды.

Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашов күн тәртібіндегі төрт мәселеге қатысты баяндама жасау үшін облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Елтай Махметовке, Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбекке, облыс әкімі аппаратының адами ресурстарды басқару және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің бас маманы Бейбіт Сарқұловқа, облыс әкімі аппаратының ТҚК жұмысын мемлекеттік-құқықтық сүйемелдеу және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Зәуре Құсайыноваға кезекпен сөз беріп, межеленген міндеттер мен жобалардың жай-күйімен танысты.

Сөйлеушілердің айтуынша, қоғамның қарқынды дамуына тежеу салатын сыбайлас жемқорлық деректері толастамай тұр.

Мысалы, былтыр жыл соңында Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Роза Мағрупова жемқорлық дерегімен істі болса, биыл алғашқы жартыжылдықта «Бағалы-Алакөл» ЖШС басшысы А.Сәдуақасовтан пара алмақ болған Сарқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғ.Сәбитұлы, өзіне мемлекеттік сыйақы ретінде 980 000 теңге жаздырып алмақ болған Ескелді аудандық жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Серікпаев, «АСПМК-519» ЖШС бас директоры А.Сычев пен оның әкесі В.Сычевтен 33 500 АҚШ доллары мөлшерінде пара алған облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Т.Разбеков, «Атлант Строй Индустрия» ЖШС директоры Ю.Кравченкодан 1 000 000 теңге мөлшерінде пара алған Кеген аудандық жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Нұрғазы абыройына нұқсан келтіретін әрекеттерге барған.

Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың зияндығы туралы үгіт-насихат жұмыстарынан бөлек «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және ескерту» атты №4 базалық типтік бағытты іске қосатын шаралар қолға алынып жатыр екен. Осыған орай облыс аумағында «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау», «Сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін жою», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру», «Квазимемлекеттік саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» сынды бағыттармен жұмыс істейтін мамандар бекітіліп, нақты міндеттер жүктеліпті.

Ведомствоаралық комиссияның жұмысын қорытындылаған Лаззат Махатұлы:

– Биыл ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын бекітті. Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған жұмыс жүргізіледі, – деп құзырлы орган басшыларына тапсырма жүктеді. – Соған қарамастан жең ұшынан жалғасып жатқан сыбайлас жемқорлық фактілері одан әрі мақсатты жұмыс жүргізу, бағдарламалық құжаттар мен тапсырмаларды тиісінше орындау қажеттігін айғақтайды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мен жоюда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор белсенділігінің төмен екенін атап өту қажет. Сондықтан, барлық облыстық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына, аудандар мен қалалардың әкімдеріне бұл мәселені жеке бақылауға алуды тапсырамын.

Тақырыпқа орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Жандос Жұмабаев сөз алып, қоғамдағы сыбайлас жемқорлықпен күрестің толастамауы керектігін ескертіп өтті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы