БАЙЛЫҚТЫҢ МӘНІ НЕДЕ?

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1311
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қос-қостан көлік мінген бір ағамыздың «жетпей» жүретін ақшасын ойлағанда: «Адамға тегі қанша байлық керек?» деген ұры сауалға «ұрынып» қалғанымыз рас. Алматының қақ ортасында хан сарайына бергісіз мәрмәрлі сарайы бар, шығыс жақтағы шекараның түбінде сатып алған бір тауы, сол таудың сай-саласында малы бар, ол тұрыпты, шетелден келетін жүк көліктерінің де көп мөлшері соның уысында жүретін адамның жетпегені қайсы деп тағы ойлаймын. «Байлық деген қолдың кірі» деп өзгеге бөліп берген ол жоқ.  Бәлкім, «бай байға құяды» деген тәмсіл де, «бай байыған сайын қалтырауық келеді» деген пайым да соны растай ма екен?! 

Бұрынғыдай қыс қыспайды десек те, ұры қысқан уақыт қой бұл. Төрт аяқтыға келген екі аяқты ұрының атын ауыл түгел біліп отырады кейде. Бірақ айтпайды. Неге айтсын: кішкене ұрының артында үптеп отырған үлкені тұрғанын білген адам айта ма, тәйірі?! Ал сол «үлкен» кім? Ол да бай. Бірақ ол өз алдына сыймай отырған қызыл қолдың есебінен емес, өзгенің  қолын құрық етіп тартады жемін. Сосын адал баюдың жолы туралы көпке көпіріп көрнеу-көрнеу сөз айтсын делік. Әрине, көпке топырақ шашып, байдың бәрі қиянатшыл дейтін кешегі кеңестік кері идеологиямен келісе кету ойда жоқ. Тек, ішінара қынжылтар жайттарды айтпасқа болмайтыны тағы анық.
Әдетте, әлеуметтік желіде ара-тұра белгілі жағдаймен көптен жылу жинайтын жандар болады. Олар қомақты қаражат қат болып,  зәрулік пен мұқтаждық зар илетуге дейін жеткізсе де адамдығын жоғалтпай, адалынан ақша тілейді. Мұндайда жаны жомарт, көңілі сахи  кез келген адам олардың жанайқайын тыңдайды да, қолынан келгенінше көмектесіп бағады. Тіпті, өзі бір мекеменің еденін жуып, айлығы шайлығына да жетпейтін жандар да аузынан жырып көмекке кіріскен көптің қарасын көбейтеді. «Көп түкірсе көл» деген қазақ сөзі осындайда медет пе, әйтеуір, кейде бір шаңырақтың түтіні өшпеске сеп болса кейде талай ата-ананың көз қуанышы жоғалмасқа жол болады. Бұл, әлбетте, қоғам болып ұйысудың, жұдырық болып жұмылудың арқасы дерміз. Ал сол өліп-талып жиналған қаражаттың, біреудің түскі асына да тұрмайтынын ескергенде, көңілің ортаяды-ау, шіркін! Неге сол жалғыз-ақ бай бір күнгі түскі асын қия тұрмайды екен, бәлкім, әйелі дәл сол күні неге тон алмай-ақ қоймайды екен деп ойдан-ойға ауысып кете баратының тағы бар.
Ауылда жер бар ғой, шаруа соны медет етеді. Қолына түскен  дақылына құнарлы топырақты құнықтыра емгізеді де, күзде құнжыңдай барып орағын салдырады. Одан байып кеткен қазақ аз, тіпті, одан кедейленіп кеткен қазақ та жоқ. Шүкірін тәубесімен шиырлап, аңқылдап отыратын да сол қазақ. Ал сол қазақтың жерінің басына өңкиген бір көлік келіп, одан шүйдесін майға шылқытқан бір дөкей түсіп: «Жер менікі», – десе,  оның ғаділеттілігі қандай болмақ?! Сонда өзінің қажетін өзгенің адал асынан қалаған осы байдың аты бай ма? Әлде рухани ұстамы мықты, адами қасиеті бай қарапайым жұрттың өзі бай ма?
P.S. Осындайда әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыздың өмірдің төрт тірегі деп аталған үлкен байламы ойға оралады. Сол төрт тіректің бірі ретінде бай, ауқатты адамдар қайырымды болуы керек деп дәріптеледі. Осыны ойлағанда, біздің қоғамның бір тірегі осал түсіп тұрған жоқ па дейміз.