Бала бұзылса қайтпекпіз

Уақыты: 18.05.2018
Оқылды: 1649
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Адуынды ақын Мұхтар Шахановтың: «Компьютер басты ұрпақ келе жатыр» деп шырылдайтыны бар. Таң атқаннан кеш батқанға дейін пернетақтаға қолы желімделген жастарды көргенде жүрегің ауырады. Есіл-дерті ғаламтор желісіндегі есер ойындар. Тіпті, нәр татпай ойнауға дайын. Ататегін сұрасаң абдырап қалады. Себебі, санасы сапасыз мәліметтерге толы. Бұл бәленің бала жадын барымталап алғаны көңілге көлеңке ұялатып отыр. Әрбірден соң қоғамға түскен індет іспетті. Мұндайда көкейді сан түрлі ойлар тесетіндей. Әлгі компьютер бұзылса әйтеуір бір тілін табарсың-ау, ал бауыр етің балаң бұзылса қайтпексің?

Қазіргі ұрпақтың бәріне дерлік жұққан басты дерт – жадының тұрақсыздығы екенінде дау жоқ. Бүгін жаттағанын ертең ұмытып қалатындардың саны артты. Тіптен есіне түсіре алмай есі шығады. Оқушылардың осыншама ұмытшақтыққа душар болғаны үйдегі компьютердің кесірінен екен. Мәселен, Ұлы Абайдың кім болғанын білгісі келсе немесе Куала-Лумпур әлемнің қай бұрышында орналасқанын көргісі келсе бір пернені басып, бәрін біле алады. Ұмытқан жағдайда екінші қайтара қарауға еш кедергі жоқ. Әлдеқандай жағдай болғанда компьютерге үңіле саламын деген сенімнің жетегінде жүре береді.  Компьютердің кез келген сұрағыңа жауап бере алатындығына сонша сенім артып алған. Бұл жаман әдет. Ол адамның оқып-білуге деген бар ынтасын жояды. Ақпаратты есте сақтап қалуға мүлде тырыспайсың. Мынадай салыстыру жасайық: бір адам базардан алма ағашының көшетін сатып алды. Оны құнарлы топыраққа отырғызды. Бірақ ешқандай күтім жасаған жоқ. Оның діңін әктемеді. Уақытымен суармады. Ақыры жеміс ағашы қурап тынды. Бұдан шығатын қорытынды мынадай: жады деген егістіктегі жеміс іспетті. Оны үнемі көзден таса қылмай, күтіп-баптап отыруың қажет. Егер олай істемесең ақымаққа айналдым дей бер. Қазіргі уақытта кез келген тұлға альцгеймер ауруына ұшырауға бейім. Соны болдырмаудың басты ережесі – жадыны жаттықтырып отыру.
Осындайда Италияның атақты пәлсапашысы Умберто Эконың өзінің немересіне жазған жаңажылдық хаты еске түседі. Жазушы бұл фәнидегі адамға ең қымбат дүние – өзінің жады екенін баяндап, оны дамытудың ережесін көрсеткен.
– Менің кеңесім мынадай. Күнде таңертең тұра салып бір қысқа тақпақ жатта. Бала күнімізде бізге солай жасататын. Достарыңмен кімнің жадысы мықты деген жарыс жасауға болады. Поэзия ұнамаса, онда футбол командаларының аттарын жатта. Бірақ сен тек Рим командасының аттарын ғана емес, басқа командалардың да ныспыларын жатқа білуің керек. Олардың алдыңғы құрамасында ойнағандардың есімдерін есте сақтауды үйрен. (Мен мысалға, Суперга шыңындағы жарылған ұшақтың ішінде кеткен Турин клубы құрамасының аттарын жатқа білем: Бачигалупо, Балларин, Марозо, т.б.). Оқыған кітаптарының мазмұнын кім жақсырақ есте сақтайды деп жарысыңдар. «Үш ноянның» кейіпкерлерін достарың жақсы біле ме? «Үш ноянды» оқығың келмесе (оны оқымаған адам не жоғалтарын сен түсінбессің), өзің оқыған кітаптың кейіпкерлерін санамалап шықшы, – дейді пәлсапашы.
Иә, айтқандарының бәрі ойын сияқты болып көрінуі мүмкін. Десе де санаң сан алуан кейіпкерлерге толғанын байқайсың. Неше түрлі оқиғалар, әртүрлі естеліктер жадыңда жаңғырып тұрады. Ұмытшақтықтан арылудың да таптырмас айласы осы. 
Бұл хатқа неге тоқталды дейсіз ғой?! Осы жазбалар арқылы әлем халқы көптеген сұрақтың шешімін тауып, бала тәрбиесінде өте қажет мағлұматқа қол жеткізеді. 
–  Неге компьютерді электронды ми деп атаған деп сұрауың мүмкін. Оны біздің миымыздың моделіне қарап жасаған. Бірақ адамның ми қыртысы компьютердегіден әлдеқайда көп. Ми – сенің компьютерің, ол үнемі сенің жаныңда. Оның мүмкіндігі күн өткен сайын ұлғая бермек. Тек жаттығу жасауды ұмытпа. Ал үстел үстіндегі компьютердің жұмыс істеу ұзақтығы әрі кетсе бір жыл, сосын оның жылдамдығы азая береді. Ауыстырмаса болмайтын жағдайға жетеді. Ал сенің миың саған тоқсанға келгенше қызмет етеді. Тоқсанға келген соң да жаттықтыра берсең, бала күнгі естеліктерің дәл бүгінгідей көз алдыңда болады. Оның үстіне ми деген тегін байлық. Тарихи жады деген болады. Ол сенің өміріңнің оқиғаларымен, яки оқыған жағдаяттармен байланысты емес. Ол сен туғанға дейінгі жайларды есте сақтайды, – дей келіп пәлсапашы немересіне хатты мұра етіп қалдырады.  
Бұдан біз не түйеміз? Компьютерге байланған балалардың есте сақтау қабілетін арттыру қажет. Ол үшін әлеуметтік желіге деген құмарлығын жоюымыз шарт. Бұған мектептің шамасы жетіңкіремей жатыр. Бізді алаңдатып отырған осы жайт. Қазіргінің жастары, студенттері, мәселен, тоқсаныншы жылы туғандар сексенінші жылы не болғанын білмейді. Тарихқа да шорқақ. Бұл қоғамның майдаланып бара жатқанын меңзейтіндей.
Мамандар зерттеулеріне сүйене отырып, бұл озық технологияларды ұзақ пайдаланудың бала психологиясына кері әсерлерін саралап көрсек. Біріншіден, шамадан тыс ақпараттар тасқыны баланы енжарлыққа душар ететін көрінеді. Интернетті өзінің бірінші серігі, ал компьютерді «досы» етіп таңдаған жан айналасындағы адамдармен еркін араласу қабілетін лезде әлсіретіп алады. Бұл туралы ұлт жанашыры Бекболат Тілеуханов: «Өзгенің адами мұң-мұқтажын түсінбейтін, айналасындағылардың жан қиналысын сезіне бермейтін, яғни, жүрегі селт етпейтін халге жетеді», – дейді. 
Шынында компьютерге әуес адам өзінің жақындарымен араласудан қашқақтайды. Ол ол ма, шынайы өмірді виртуалды, жансыз «өмірге» айырбастап жіберетіндей дәрежеге жетеді. «Компьютерге байлану» ауруы негізінен өз-өздеріне сенімсіз, сондай-ақ, тұрмыста кездесетін қиын түйіндерді шеше алмайтын адамдарға тән. Сонымен қатар, әке-шеше қарауынан тыс қалған жас балаларға жұғады. Олар: «Компьютерден тыс жерде тірлік ету уақытты босқа жоғалтқанмен бірдей», – деп есептейді екен.
Күні бүгінге дейін ғалымдар мен психологтар компьютердің денсаулыққа орасан зиян келтіретінін айтып, дабыл қағуда. Монитордың алдында үздіксіз жұмыс істеу қан қысымын көтереді. Миопия, яғни, көз жанарының алыстан немесе жақыннан көру қабілеті нашарлайды. Құлақтың есту қабілетін төмендетеді. Баланың ұйқысы бұзылып, асқа тәбеті болмайды. Ал ұйқысы қанбаған баланың зейіні нашарлайды. Сонымен қатар, омыртқаға көп күш түсетіндіктен сколиоз (омыртқа буынының қисаюы) ауруына шалдығуы мүмкін. Электрленген сәулелер саусақ ұштарына әсер етіп, қолдың буындарына зақым келтіреді. Балада тек өзіне ғана мәлім «жабық әлем» қалыптасуы ықтимал.
Ғасыр дертіне айналған бұл сырқатпен күрес жалпыхалықтық іске айналуы тиіс. Себебі ТМД елдері ішінде компьютер мен интернетті пайдалану ісінде Қазақстан алдыңғы қатарға баяғыда-ақ шығып қойған. Ендеше, компьютерге құмарлық кейбір отбасы мүшелерінде пайда болғаны анықталса, оған қарсы тиімді шаралар осы бастан жүргізілуі керек. Сондықтан, аталған дерттің алдын алу үшін тұтынушыларға заманауи технологияларды пайдалануды қалай тиімді жүргізуге болатыны жайында сауат ашу курстары өткізілгені ләзім.
Дала ділмарлары: «Балаға бағбандай қара», – дейді. Тауып айтылған сөз. Үйдегі сәбиге бас-көз болмасаң, түзде тұманға түскен жолаушыдай адасары анық. Себебі, қазіргі заманның аяқ алысы тым жылдам. Жастарды жаман әдетке еліктіріп әкетеді. Ұялы телефонды жастап жататын, компьютердің алдында  тапжылмай отыратын баланың бағы байлаулы, ойы келте болмақ. Олар салт-дәстүріне, туған тарихына, тіпті, ататегіне бойлай алмайды. Әдебиеттен алыс, мәдениеттен бейхабар жанның күйін кешеді. Қай уақытта да бала жадын мекендеген жалған ақпараттар өзін ғана емес, бүтіндей қоғамды орға жығады. Ойланайық.

Мұхтар КҮМІСБЕК,
“Жетісу”