Тәрбиешінің еңбегі неге еленбейді?

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1445
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Мен тәрбиешімін... Осынау мамандықтың қызығы мен қиындығын  бала ортасында жүрген жан ғана түсіне алады. Жер бетінде тәрбиеші алдын көрмеген адам кемде-кем, мүмкін бұл мамандық содан киелі шығар... 

Адам өмірінің мәні – артында ізін жалғастыратын тамаша бір ұрпақ қалдыру. Балаларға деген сүйіспеншілік осы мамандықты таңдауыма себепкер болды. Сондықтан тәрбиеші болуды менің өмірдегі орным деп санадым. Әртүрлі еркеліктер мен тәтті сөздер, пәк сезімдер тоғысатын, әрі мектепке дейінгі оқу-іске даярлық дағдысы қалыптасатын құтты мекен – ол балабақша. 
ТӘРБИЕШІ! Бұл әрдайым үлкен әріптермен жазылуға тиіс сөз деп танимын. Өйткені, осы сөзде қаншама мән-мағына жатыр?! Тәрбиеші – баланың жан дүниесін нұрландыратын және оның жақсы қасиеттерінің қалыптасуына себепкер болатын адам.
Халқымызда: «Жас келсе – іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, оған аз да болса үлесім тиіп жатса, өзімді бақытты тәрбиеші-ұстаз, бақытты жанмын деп білемін.
Менің алдымда үнемі маңызды тапсырма тұрады, әр ата-ана қымбат адамдарын маған сеніп тапсырды. Мен сол балдырғандарды бар жақсылықтың, әдеміліктің, адамгершіліктің нәрімен сусындатуға бар жігерімді саламын. 
Бүгінде балаларға мейірім төге отырып, биік белестерге жетуіне жауапты екенімді еш уақытта естен шығармаймын. «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы»,– деген екен ақын А. Құнанбаев.
Мен балақайларға арнаған шақтарымды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп айта аламын. Балабақшаға кіргенде бүлдіршіндердің жағымды үндері, сыңғырлаған күлкілері, «Сәлеметсіздер ме, балалар?» – деген сөзіме берген балалардың: «Саламатсыз ба?» – деген жауабы бір сергітіп, серпілтіп тастайды. Күнде ертеңгісін жұмысқа келгенде балалармен бірге болған әрбір уақытым мені жаңа әлемге жетелегендей болады. Алдымда отырған жас бүлдіршіндерімнің сүйкімді де әдемі, байсалды да ақылды жүздерін көрсем, не нәрсені де білуге құштар шабытты байқаймын. Олардың менен күтетіні өте көп. 
Тәрбиеші болу барлық мамандықтың иесі болумен тең. Сен мұғалім, дәрігер, биолог, эколог, сәулетші, заңгер, спортшы, сахнагер, әнші де боласың. Өйткені, бала әлемімен өмір сүресің. Олардың барлық сұрақтарына жауап тауып, қиын жағдайда көмек көрсетіп, жарақаттарын емдеп, барлық мәселені әділ шешуге тырысасың.
Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім, бүгінгі жастар тәрбиеші мамандағын таңдамайды. Сондықтан бұл мамандықтың қаншалықты ізгілікті екендігін білсін деймін. 
Жастар бұл мамандықты неге таңдамайды? Өйткені жұмыс ауыр, тәрбиеші еңбегі лайықты бағаланбайды. Мардымсыз жалақы алып, 25 балаға қарап отырған тәрбиешіге қолдау жоқ. Тәрбиеші бала жыласа уатады, жығылса көтереді, бүлдіріп қойса жуады, қарны ашса тамақтандырады, ауырып қалса жүрегі қоса ауырады, ұйқысы келсе ұйықтатады, тіпті қала берді сол баламен бала болып ойнайды, ата-анасына тапсырғанша көзінен таса қалдырмай қарайды. Мұның бәрін әр тәрбиеші міндетім деп түсінеді. 
Енді мынаны көз алдыңызға елестетіңізші. 63 жасқа келген тәрбиеші ұйымдастырылған оқу қызметін өте жақсы атқарар, мереке сайын болатын ертеңгіліктерді де жақсы өткізер, бірақ күннің екінші жартысында аулаға шығарып қимыл- қозғалыс ойындарын балаға қалай көрсетіп ойнатады? Ойлаған адамға мектеп жасындағы балаға қарағанда, енді-енді оңы мен солын танып, тәй-тәй басып келе жатқан баланы тәрбиелеудің машақаты да, қиындығы да көп. 
Қорыта келе айтарым, тәрбиешінің көтерер жүгі ауыр. Тәрбиешілердің жалақысын көбейту, зейнеткерлікке ерте шығару, әлеуметтік тұрмысын көтеру сияқты мәселені шешкенде ғана жастардың мамандыққа деген қызығушылығы артады. Елімізде мектепке дейінгі тәрбие дұрыс жолға қойылады. 

Анар Шаянбаева,
№15 “Айгөлек” бөбекжай-
балабақшасының тәрбиешісі
Талдықорған қаласы