Өмірі - өнер, тігінші шебер - Гүлстан

Уақыты: 10.09.2016
Оқылды: 5105
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұлттық салт-дәстүрімізді дамытуға, қол- өнерімізді өрістетуге өзіндік үлес қосып, аты әлемге әйгілі қазақ тігіншісі болуды мақсат тұтқан Гүлстан Жандосқызы арманына бастар жолды бүгінде адаспай тапқандай. Себебі, оның қолынан шыққан көздің жауын алар әсем дүниелер, атап айтқанда, көрпе-жастықтың түр-түрі мен ұзатылар қыз жасауының толық топ­тамасы, тіпті автокөлік орындығының жабын­дылары, бесік жабдығы қазірдің өзінде үлкен сұра­нысқа ие.

Қаз-қатар отырып алып тігін мәшинесімен тынымсыз іске кірісіп, шәкірттерімен бірге жасаған сан-алуан пішінді және түрлі-түсті бұйымдарын қол­мен ұстап, көзбен көре тұрып, ісмерлікті кімнен үйренгені жайындағы сауалымызға ше­бер­дің берген жауабы тіптен таңырқатып тастады. Әрине, өз аузынан естігендей әсер бола қоймас, алайда, көңіл төріне түйгеніміз төмендегідей.

Тарихи қала Таразда туып-өскен Гүлстан 2000-шы жыл­дар­дың басында, уақыттың талабы, күнкөрістің қамымен көптің бірі болып, алып шаһар Алматыға қоныс аударады. Бастапқыда бар қажыр-қайра­тын саудамен айналысуға жұм­са­ған. Солай жоғын түгендеді, тіршілігін оңалта түсті. Кейін­нен кішкентайлы болып, өмірі­нің мәні мен сәніне айналған қос қызына толымды тәрбие, ең бастысы ананың аялы алақаны, шексіз мейірімі мен сүйіс­пен­шілігі үздіксіз қажеттігін түй­сінгенде осыған ыңғайлы істі қолға алуды ұйғарады. Шынын­да да, егер әр адамның тілегені бірден алдынан шығып, сұра­ғаны қолына лезде іліге берсе, бәлкім, өмір соншалықты қы­зықты әрі қымбат болмас па еді?! Сол сияқты Гүлстан да бастапқыда кәдімгідей қинал­ды, күйзелді, таршылық көрді. Осындай бір кезеңде, тамақ сұраған перзентіне ұсынар ас табылмаған сәтте, жаны жабыр­қаған әйел жаратқаннан медет тілеп, алақанын жайып тұрып: «Е, Алла, егер осы екі қолыма істейтін бір жұмыс берсең, ешқа­шан шаршадым демеспін...», – деп серт берген. Сол күні ол түс көреді. Онда ұзын жолдың бойы­мен жүріп келеді. Айналасы толған адам, бірдеңелерді тігіп жатыр. Алдынан бір абыз қарт шығып, «Осы өнердің барлығы сенікі, қолыңды жай, бердім батамды», – деп бетін сипап, алақанына бір тал ине ұстатқан көрінеді. Шырт ұйқыдан оянған Гүлстан алдымен тас боп жұ­мыл­ған жұдырығын ашса ине тұрғандай елестейді, алайда, онда ештеңе болмайды. Бұл түсті босқа көрмегенін сезген кейіпкеріміз, бірден анасына енді көрпе тігетінін жеткізеді. Қызының шешіміне таң қалған шешесі, көрпе тігу үлкен өнерді қажет ететінін айтады. Бірақ, алдына мақсат қойса соған жет­пей, бір істі қолға алса тындыр­май қоймайтын бірбеткей мінез иесі шындап кіріссе жасай­тынын айтып, әдетінше ақ па­рақ­қа жазып, жоспар құра бас­тайды.

Сөйтіп, бұрындары ине-жіп­ке еш құмартпаған, тек кішкен­тай кезінде Айнаш әжесінің ісмерлігіне сүйсіне қарап оты­ратын келіншек аяқ-асты тігінші болып шыға келеді. Неден бас­тады дерсіз? Ол балаларына төленетін 4000 теңге жәрдем­ақыны алады да базарға барады, қажетті мата, мақта сатып алады. Үйге әкеліп, анасының ескі тігін мәшинесіне отырып алып, жүз өлшеп, кесіп, пішіп түнімен отырып екі жастық тігеді. Ол екеуін жай тікпейді, өзінің екі қызына арнағандай, үлкен ма­хаб­батпен, бар ынтасы мен өнерін салып құрастырады. Өте әдемі шығады. Сөйтіп, келесі кезең оларды сатуды ойлас­тырады. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, ертесінде көршісі үйінде қырық шақты адамға құдайы тамақ беріпті. Қолты­ғына қысып алып барған қос жастығы қонақтардың қызығу­шылығын туғызады. Қолдан-қолға өтіп, сатып алушысы да табыла кетеді. Ал, келесі күннен тапсырыс берушілердің қарасы көбейе бастайды. Бастапқыда бұл тек күнкөріс үшін ғана қолға алған кәсіп көрінгенімен, кейін­нен Гүлстан көрпе тіксе рахат­танып, жан-дүниесі құлпырып кететінін де байқайды. Сонда өзіне бір көрпеден келер пайда мың теңгенің айналасында ғана. Өйткені, ол сапаға көп мән берген. Әдемілік қашанда көзді қуантып, қызығушылықты арт­тыра түспей ме?

Ендігі кезекте көрші қыз-келіншектер шеберден осы бір жіңішке істің қыр-сырын үйре­туге қолқалайды. Гүлстан бар білгенімен қуана бөліседі. Ке­йін­нен тілшілердің де көзіне ілігіп, «Қазақстан» ұлттық теле­арнасындағы «Таңшолпан» бағ­дар­ламасына шақырылып, сол арқылы танымалдығы артып, еліміздің түкпір-түкпірінен де сапалы әрі экслюзивті қыз жаса­уына тапсырыстар көптеп келе бастады. Жалғыз үлгермейтін болған соң үйінің ішінен шағын шеберхана ашып, оншақты көр­ші келіншекті жұмыспен қам­тып отырды. Бұл кезде ол Тал­ғар ауданына қарасты Бел­бұлақ ауылында тұратын еді.

Гүлстан Жандосқызының Қарасай ауданына қоныс ауда­руының да өзіндік себебі бар. Журналистерге берген сұхбат­тарының бірінде шебер өзінің талабына қолдау көрсетіп, қа­зақ қолөнерін дамыту жолында бірге иық тіресе жұмыс істеуге пейілді кәсіпкерлермен таныс­қысы келетінін айтқан. Осы­лайша, «Алтын жұлдыз» ЖШС-нің басшысы Өмірбек Алтынғатыспен келісімге ке­ліп, іскер азамат пен ісмер әйел мүмкіндік пен шеберлікті то­ғыс­тырып, ортақ шаруаның орайын табуға кірісіп кеткен. Ондағы мақсат – ұлттық құн­ды­­лықтарымызға құрметті арт­ты­рып, сапалы әрі өтімді отан­дық өнім өндіру. Айта кету керек, аталған серіктестік негі­зі­нен арнайы киім тігумен ай­на­лы­сады. Цехта тізбек­тел­ген жүзге жуық тігін мәши­несінен жұ­мыс­шылардың сан алуан кәсіби формалары пайда болып жата­ды. Ал, киімге кеткен мата қалдықтарын дәл жанындағы кейіпкеріміз басқаратын шағын шеберхана тігіншілері кәдеге жаратып, лезде оймақтай етіп жастықтар мен көрпешелерге, тіпті, сандықшалар мен қол сөмкелерге айналдыратын көрі­неді. Яғни, шығынсыз өндіріс те дұрыс жолға қойылған. Соны­мен қатар, мұнда жіңішке іспен айналысам деушілер курстан өтіп, икемділер мен ептілер тұрақты еңбекпен қамтылады. Өйткені, қазір оншақты әйелге жұмыс ұсынылып отырған цехта бұл санды отызға дейін арт­тыруға мүмкіндік бар. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, бір жерде қол қусырып қарап отыра алмайтын Гүлстан мұнымен тоқтап қалмақ емес.

– Қазір халықтың сұраны­сын осыдан он жыл бұрынғымен салыстыруға болмайды, – дейді шебер бізбен әңгімесінде. – Жұрт сапалы, эксклюзивті дүние іздейді. Әңгіме тойға, қыз ұза­туға қатысты болса, онда қазақ бар жиған-тергенін шашатын халық. Бұрынғы уақыттағыдай көшке артпаса да, бүгінгі қыз­дардың жасауы түрлене түспесе, кеміген жоқ. Бұл ретте ұзаты­латын қыздың жасауына деп көрпе іздейтін болса, базардан да дайынын сатып алуға болады. Бірақ, Қытайдан келетін көр­пелердің ішіне синтепон салы­нады. Ал оның зиянынан басқа пайдасы жоқ. Мен тігетін көр­пелерге тек табиғи шикізат – жүн, мақта салынады. Сапа жағынан базардағы әдеттегі жамылғылармен салыстыра ал­майсыз. Он, тіпті, жиырма жыл­ға дейін сол қалпында қолдануға болатындай, өз қыздарыма арнап жасағандай тігемін. Төркөрпе, құрақкөрпе, «Махаббат» көрпесі дейсіз бе, он алты түрлі құрақ құраймын. Менің ең басты ұста­ны­мым – сапа! Егер тіккен көр­пем­нің оюы бір-екі миллиметрге қисайып кетсе, оны ерінбей толығымен сөгіп тастап, қайта тігемін. Бірнеше жыл бұрын көрпе-жастық алған адамдар кейде қоңырау шалып, рахметін айтып жатады. Ал тігуді үйрен­гендер алғысын білдіріп, жетіс­тіктерімен, қуаныштарымен бөліседі. Олардың шын жүрек­тен шыққан сөздерін естіп, мен де марқайып, қолға алған ісімнің шапағаты елге тиіп жатқанына шаттанып, ертеңгі күніме деген сенімім арта түседі. Мен үшін нағыз бақыт – осы!

Талай-талай шеберлердің сүбелі сайысында топ жарған тігінші «ЭКСПО-2017» халық­аралық көрмесіне қатысудан да үмітті. Шетелдіктер қазақ көр­песінің көз тартар көрінісі мен сапасын тамсана әңгімелеп жүр­се дейді. Сондықтан да болар, ол әр кезде, инені қолға алған сай­ын өзінше бір бөлек әдемі әлем­де жүргендей әсерге бөлене­тінін, әр көрпеде оның жан дүниесінің бір бөлшегі жата­тынын жасырмайды. Осы күнге дейін өсіріп-жеткізген анасы Баршагүлдің ақ сүтін ақтап, төрткүл дүниеге қазақтың тігін­ші қызы ретінде танылып, қос қызы – Назеркесі мен Арайлымы мақтан тұтып жүрсе екен дейді. Ал, бір Алла өзіне медет беріп, асқақ арманы оны алға жетелеп, биік белестерге бастай бере­тініне он саусағынан өнер там-ғ­ан кейіпкеріміз бек сенеді.

Клара Көпбаева.

Қарасай ауданы.