ҰЛ – НАМЫСЫМ, ҚЫЗ – ҰЯТЫМ

Уақыты: 24.12.2018
Оқылды: 1802
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бүгінде ұлықсыз ұл, қылықсыз қызымыз көбеюде. Жаңадан шаңырақ көтерген отбасылар арасында ажырасу деректері де жиі кездеседі. Мектеп жасында ауыраяқ болып, түсік жасату, бала босану секілді жайттар тағы бар. Жетімі мен жесірі, қараусыз қалған қариясы көп қоғамның ащы да болса шындығы осы. Бұл туралы мәселелер облыстық аналар кеңесінің қорытынды жиынында айтылды.

Талдықорған қаласы Рухани жаңғыру орталығында өткен «Әйел бақыты» облыстық форумында қоғамда орын алып жатқан келелі мәселе кеңінен талқыланды. Алдымен біржылдық жұмысты қорытындылау үшін облыстық аналар кеңесі төрайымының орынбасары, Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасоваға сөз берілді. Ол тек жетістіктерді ғана мысалға келтірмей, көлеңкелі тұстарға да тоқталды.

- Сарыөзек кентінің мектебінде оқушылардың әкелерін шақыртып, сауалнама алдық. Нәтижесінде олардың 80 пайызы үйлеріне тек қонақ ретінде келіп, кетеді. Яғни, бала тәрбиесіне бейжай қарайды. Қоғамдағы осындай жат қылықтарды таразылап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында арнайы жобалар құрылды. Бүгінде жоба сәтті іске асып, республиканың өзге өңірлеріне де ұсынылуда, – деп Кербұлақ ауданындағы «Жас отбасы мектебі», Сарқан ауданындағы «Ана медиатор», Алакөл ауданындағы «Ақ отауға ақ бата» жобаларына жеке-жеке тоқталды. Әрі әрқайсысының маңыздылығын мысалға келтіріп, берер нәтижесіне назар аударды.

Жиында сөз алған облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев ана атты ардақты есім туралы тағылымды әңгіме өрбітті.

- Кез келген ұлағатты ұл, қылықты қыз өсіріп отырған ана қандай да құрметке лайық. Біз еркекпін деп еңсемізді тік ұстағанымызбен «АНА» деген ұлы есімнің алдында әлсізбіз. «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді». Қай қоғамда да жаны нәзік болса да ер мінезді, жанары жылы, білегі жұмсақ болғанмен жүрегі қайсар аналардан алар өнеге мол. Қарт тарихқа көз жүгіртсек, ерлік, батырлық, қайсарлықтың үлгісі болған Томирис, Дарабоз ана, Гауһар ана, одан бері Әлия мен Мәншүк, азаттықтың арайлы таңы үшін құрбан болған Ләззат пен Сәбира қыздарыңыз соның айғағы. Алдыңғы қатарда көшті бастайтын ер-азамат болғанымен көп жағдайда ең бірінші қайсарлық танытатын аналарымыз, – деп қандай қоғамда болмасын ананың орны ерекше екенін айтап өтті. Сонымен қатар: «Тегіңді сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле», – деген аталарымыз. Яғни, бүгінгі қыз – ертеңгі келін, болашақ ана. Бір әулеттің шежіресін жалғастырушы ғана емес, қыз – ұлттың анасы. Солай екен деп, барлық ауыртпалықты ананың иығына артып қоюға тағы болмайды», – дей келіп, әкелер мектебін қалыптастыруды ұсынды.

Форумның ерекшелігі тек аналар кеңесінің мүшелерін шақырмай, күміс, алтын алқа таққан көп балалы аналарды, заң саласының қызметкерлерін де қатыстырған. Облыстық №1 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Жанна Нүсіпова көңілге кірбің түсіретін деректерді мысалға келтірді. Ол сот өндірісінде 2017 жылы 29 анаға, 2018 жылы 17 анаға ата-ана құқығынан айыру туралы шешім шыққанын айтты. Және де былтыр 77 ана, биыл 45 ана әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бұл тек бір ғана сотта орын алған жайт. Және олардың басым бөлігі өз қандастарымыз.

Жиынды қорытындылаған облыстық аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймадиева да бірқатар мәселеге тоқталды.

- Барлық мектептерді аралап, жасөспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Соның барлығы болашақ ұрпақтың амандығы. Отбасы үшін ана мен әкенің міндеті бірдей. Ер адам қамқорлығына алып, табыс табу керек. Оның тапқанын ұқсатып, балаларын тәрбиелеп отыру әйел адамның ең басты міндеті. Біз де ер-азаматпен қатар жұмыс істеп келеміз. Жүйелі «Рухани жаңғырудың алтын тамыры ананың жүрегінде», «Ұлт тәрбиесі – қыз тәрбиесі», «Ана денсаулығы – ұлт денсаулығы» жобаларына республикалық аналар кеңесінің семинарында жоғары баға берілді. Алдағы атқаратын жұмысымыз әлі көп, – деп соңғы жаңалықтарға қатысты ойын да баяндады. – 16 жасар қызға түсік жасату қай сасқанымыз? Бұл жаңалықты естіп жүрегі жыламаған ана болмаған шығар. Өзім қатты қапаландым. Не деген сұмдық! Иә, ондай тәжірибе бар, бірақ бізде емес. Еуропада, Америкада. Тәжірибенің соңы жаппай бедеулікке алып келеді. Қазір сол ел бізден бала сұрап жүр. Бұған селқос қарамауға тиіспіз. Келіспеуіміз керек, келіспей тұрып қандай көмек көрсете аламыз, соны ойлаған жөн. Оқу жылына да бағдарлама әзірлеп қойдық. Әрбір аналар кеңесіне мектеп жанынан орталық құрып, мектеп директоры, орынбасарлары, ата-аналар камитетімен бірлесіп жұмыс жүргізсек, оң нәтижесін береді.

Ата-бабаның аманатын арқалаған ел мен жерді көзінің қарашығындай қорғау барлығымыздың ортақ парызымыз. «Ел боламын десең, бесігінде түзе» демекші ол үшін алдымен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көп көңіл аударуға тиіспіз. Әсіресе, ұлттың ары мен ұяты саналатын қыз баланың болмысы, болашақ ана ретіндегі жауапкершілікті ел болып еңсеретін жүк. Осы ойды әрбір қатысушының санасына сіңіре білген форумның берері көп болды. Жиын соңында үздік шыққан аналар кеңесінің төрайымдары «Достық үйіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Өңірдегі көпбалалы аналарға да құрмет көрсетіп, естелік суретке түсті.

Мәулен Әнербай