ҒАЛАМТОРДА ҒАНА БАТЫР ЕРКЕКТЕР ЖҮР АРАМЫЗДА

Уақыты: 05.04.2019
Оқылды: 1529
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақта ерлер отбасының асыраушысы, негізгі тұтқасы болған. Ер адам сөйлегенде отанасы, балалары үнсіз қалатын кешегі темірдей мықты тәртіп пен тәрбиені қазір іздеп табу біршама еңбекті талап етеді. Үй егесінің бүгінгі дәрежесінің төмендеп, үйкүшік болып отыруына не себеп? Осындай теріс қылықтары арқылы балаларының алдында әкелік мәртебесі төмендеп кеткен жоқ па? 

Қазір біраз дүниеге бойымыз үйреніп, көз жұма қарап жүргеніміз жасырын емес. Отбасында ер адамның беделі қашанда биік болуы тиіс. Ең бірінші жары мен балаларының алдында. Ал қазір өкінішке орай үйкүшік болып жүрген ерлер қатарының артып келе жатқанын жиі көріп жүрміз. Бұл қоғам үшін үлкен індет. Оның да өзіндік себептері бар. Алайда қазақтың «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген мәтелін де ұмытпағанымыз абзал. Бір шетінен ойлап қарасақ, бұл мәтел өз заманының ерлеріне арналғандай. Қазір үйде жатып, дайын асқа тік қасық болып жүрген ерді әйелден артық деу теріс пікір болар. «Жұмыс жоқ» деген сылтау айтып жалтаратындардың бала-шағамды ел қатарлы өсірейін, еңбек етейін деген мақсаты жоқ. Еңбекке ниеті жоқтарды ең әуелі өмірлік жары, одан кейін балалары сыйламайды десек қателеспейміз. Отбасында ақша маңызды емес деп пікір білдірушілер де бар. Бірақ қаражат әр отбасына ауадай қажет. Күректеп табыс таппаса да берекесімен келетін дүниені ер-азаматтың тапқаны берекелі болады емес пе? 
«Мемлекет гендерлік саясат деп жүріп әйелдерді би етті. Олар шамалары келгенше кәсіппен, болмаса өзге де табыс көзімен айналысуда. Майлықожа бидің «Сиыр пұл, әйел би болады» дегені келді», – деп жатады көпшілік. Бірақ басты қателікті үй егесі өзінен іздеуі тиіс. Себебі, ер-азамат сол үйдің басшысы ретінде әйел адамның орны отбасы, ошақ қасы екенін айтып, табыс табумен өзі айналысса, еш әйел одан бас тартпас еді. Өкінішке орай, әйелді былай қойғанда баласына айтқанын істете алмай жүрген азаматтардың қатары аз емес. Көпке топырақ шашпаймыз. Отбасын асырап, шаңырақтағы әке рөлінің орасан зор екенін дәлелдеп отырғандар да бар. 
Мектеп психологтарымен тілдескенімізде, олар оқушылардан арнайы отбасылық тест алғанда көп баланың асыраушысы, табыскері аналары екенін жазған. Демек, ол отбасындағы түрлі мәселелерді шешу ананың иелігінде деген сөз. Әке балаларына сұрағанын бере алмай, анасы тез арада шешімін тапқан жағдайда баланың әкеге деген сенімі мен сыйластығы азаятынын білдік. Міне, ең басты мәселе осында. Енді ерлердің дәрежесі, олардың отбасындағы, қоғамдағы рөлі жайлы сөз қозғап көріңіз. Саралаңыз. Салмақтаңыз. Ұсақталып бара жатқан, әйел адамға жақын ұлдардың өсіп келе жатқандығын кімнен көреміз? Бүгінгі қазақ отбасының тұтқасы саналатын азаматтың түзде емес, үйде жатып әлеуметтік желілерге түрлі пікір қалдырып, қырық пышақ болып ұрысып жүргендерден НАМЫС ҚАЙДА деп қалай сұраймыз? Қалай десек те ердің аты ер. Әйел одан бір саты төмен тұрады. Бірақ ер өзінің беделін, өзінің азаматтығын жоғары қоя алмаса, одан ҰЛЫҚТЫ ҰЛ тәрбиеленеді деу әсте қиын.

Еңлік КЕНЕБАЕВА