ВЛАДИМИР: "ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУГЕ БІР-АҚ СӨЗ ӘСЕР ЕТТІ"

Уақыты: 17.05.2019
Оқылды: 2231
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен өзге ұлт өкілін көргенде ішіміз жылып, сол адамға құрметіміз артатыны рас. Олардың қаны басқа болса да, жаны - қазақ. Түрі басқа болса да, тілі - қазақ. Діні басқа болса да, ділі - қазақ. Міне, бүгін қазақ тіліне, қазақ елінің болашағына бір адамдай уайымдайтын, ел ертеңі үшін тіл білуді бірінші орынға қойған Талғар ауданы, Төңкеріс ауылының тумасы Владимир КОЛОМИНМЕН сұхбаттасудың сәті түсті.

- Қазақ тілін жақсы меңгеруіңізге не себеп?

- Тіл білуіме өзімнің өскен ортам себепші болды десем қателеспеймін. Қазақ тілі менің туған тілім. Өзім қазақтың арасында өскендіктен тіл меңгеру соншалықты қиындық туғызған жоқ. Қазақ балаларымен асық ойнап, доп қуалап жүргенімді мақтаныш санаймын. Алғашында достарыммен бір-екі ауыз сөзді үйрендім. Одан кейін сөйлеп қана қоймай қазақ тілінде жазып, еркін түсінсем деген ой туды. Кейін сөйлем құрап, тіпті, мақалдатып сөйлейтінді үйрендім. Мектепке барғанымда қазақ тілін аса ыждаһаттылықпен оқуға ден қойдым. Ұстаздар талап еткендіктен емес, өзімнің ниетім болғандықтан. Нәтижесі жаман болған жоқ. Мектеп бітірген соң да қазақ тілін ары қарай жетілдіруді қолға алдым. Әлі күнге дейін қазақ тілінің меңгермеген тұстарын үйрену үстіндемін.

- Қазақ тілінің болашағын жарқын ету үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Білім ордаларында да қазақ тілін оқытуды мықтап қолға алу керек сияқты. Ана тіліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болу үшін бастауыш сыныптан бастап терең білім беру керек деп ойлаймын.Оқушылар арасында түрлі бағытта, әртүрлі сабақтардан қазақ тілінде олимпиада, қазақы салт-дәстүрді, әдеп-ғұрыпты меңгеру бойынша байқаулар ұйымдастыру керек. Тіл үйренемін, білемін деген ниет танытатындарға тегін оқу курстары болса, балалардың қызығушылығы артыр еді. Ең қызығы, жастар қазақ тілінен қарағанда ағылшын тілдерін тез әрі жетік меңгеріп алады. Ал қазақ тілін оқуда көбінесе қызығушылық таныта қоймайды.

Мұның бір себебі – жас мамандарды жұмысқа қабылдаушы мекемелердің көбі ағылшын тілдерін білуді талап етіп, мемлекеттік тілге аса мән бере қоймауында. Сол себепті де жарқын болашаққа ұмтылған жастарымыз келешегіне қолайлы бағытты таңдайды. Меніңше, мемлекеттік мекемелерде ғана емес сонымен қатар жеке меншік жұмыс орындарында да ең алдымен сұранысқа ағылшын тілінен қарағанда мемлекеттік тіл ие болу керек. Сол себепті де тіл білуді, үйренуді әрбір адам  ең алдымен өзінен бастап, кейін қоғам болып, соңында мемлекет болып шешу керек деп ойлаймын. Бірақ бұл ертең-ақ шешіле қоятын оңай мәселе емес. Ол үшін белгілі бір уақыт керек.

Бұл мәселені шешу үшін жоғарыда отырған ағаларымыздың да көмектері керек. Олардың алға қойған жоспарларының барлығын қазақ тілінде жүзеге асыру қажет. Жоғары буынды аға-апаларымыздың ішінде ана тілінде сөйлмек түгел тіпті түсінбейтіндері де бар. Оның бәріне кезіндегі кеңес үкіметінің кінәсі бар екенін бәріміз де білеміз. Сол кездері оларды зорлап оқытқаны белгілі. Бірақ ол жылдар келмеске кетті. Ендігі ұрпақ болашақ үшін, еліміздің жарқын келешегі жолында қазақ тілінің деңгейін көтеруді ғана ойлауы керек.

- Ең алғаш қазақша қандай сөздерді үйрендіңіз?

- «Ана». Осы сөзді айту арқылы менің қазақ тіліне деген махаббатым оянды. Бұл сөздің құдіреті мен қасиетіне барша әлемде өмір сүріп жатқан жандар бас иетіні анық. Ана деген біреу ғана болса, Отанымыз да біреу екенін ұмытпауымыз керек.Содан кейін «рахмет», «оқасы жоқ», «кешіріңіз» дегендей сөздерді үйрендім. Қазақ жазушыларының кітаптарын оқу, мақал-мәтел жаттау, жаңылтпаш айту арқылы сөздік қорымды молайтып келемін.

- Кітап оқитыныңыз бізді қуантты. Қазір қандай кітап оқып жатырсыз?

- Орталық Қазақстанның шырақшысындай болған айтулы тұлғалардың бірі Әлжаппар Әбішев деген мықты жазушының «Мәди» атты романын оқып шықтым. Жазушы қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызы, қазақтың белгілі композиторы, әнші-ақыны Мәдидің өмірін зерттегені қызығушылығымды арттырды. Оның шыншылдық, адалдық жолындағы күресін оқырманға жақсы жеткізген. Негізі, қазақта мықты ақын-жазушылар көп. Олардың жазған дүниелері де керемет.  Ертеңімізді ойласақ, кітап оқиық дегім келеді.

- Замандастарыңызға қазақ тілін меңгеруге не кедергі деп ойлайсыз?

- Тіл білу үшін біздің мемлекетте ешқандай кедергі жоқ. Бұл - менің жеке пікірім. Ең бастысы адамның ниеті болса болғаны. Тіл білмеуді тілге деген құрметтің төмендігі деп ойлаймын. Біз қзіргі уақытта біреуге былай істе немесе мынауың дұрыс емес деп айта алмаймыз. Бір адам екінші адамның айтқанымен жүре алмайтыны белгілі. Тіл білуге деген құмарлық әр адамның жүрек түпкірінен шығуы керек. Қай ұлттың өкілі болса да, өз тілінде сөйлей алуы міндетті. Алайда туған жерін, өскен елін, Отанын сыйлауды да ұмытпағаны абзал. Өз елінің патриотымын деген жеке тұлға қазақ тілін білуі тиіс.

- Қазақ тілі арқылы жеткен жетістігіңіз?

- Біраз жыл бұрын бір үлкен компанияда жұмыс істедім. Сол кезде іс-сапарға жиі шығатынбыз. Басшылар мені көбіне қазақи ауылдарға жіберетін. Менің тіл білетіндігім осындай тұстарда көп көмегін тигізді.Ол кісілермен емін-еркін сөйлесіп, олардың пікірлерін тыңдап, өз ойымды дұрыс жеткізе алатын қабілетімнің барына өзім де қуанатынмын. Тағы бір мысал айтатын болсам, досымның тойында болдым. Тараздықтар тойға жоқ дегенде 500 адам шақырады екен. Соның ішінде жалғыз орыс ұлтынан мен ғана болдым. Қалған қонақтың бәрі 100 пайыз қазақ. Бірақ мен қысылып, өзімді жайсыз сезінген жоқпын. Ал бір қызығы, маған сөз кезегі келгенде мен қазақша тілек айтып, көпшілікті таңқалдырдым. Сол кезде тойға келген барлық қонақ қол соғып, «Бәрекелді!» айтып, орындарынан тік тұрды. Олар орыс баласының қазақ тілінде, тап-таза сөйлейді деп ойламады. Олар да, мен де қуанып, бір-біріміздің қолымызды алып, тойды ары қарай жалғастырдық. Былай қарасақ, тіл білудің пайдасы көп. Тіл білу арқылы жеткен жетістігімді марапатпен, қызметпен есептеу әсте дұрыс емес деп ойлаймын. Отан алдындағы перзенттік парызым – қазақ тілін меңгеру. Осы менің ең үлкен жетістігім.

- Тіл сізге тек жұмыс құралы болып есептеле ме?

- Жоқ. Тағы да қайталап айтамын, қазақ тілі - менің өз тілім. Өз басым жұмыста да, ағайын-туыстың, дос-жаранның ортасында да қазақ тілін еркін қолданамын. Достарымның 70 пайызы қазақ. Менің ойлау қабілетім көбіне қазақ тілінде жүзеге асады. Мен тек бір мақсат үшін, мансап үшін немесе бас пайдам үшін тілді пайдаланбаймын. Егер солай істейтін болсам, азаматтығыма үлкен сын болар еді.

- Өмірлік ұстанымыңыз?

- Қай жерде кіндік қаның тамса, сол елге қызмет етуің керек. Ең бастысы адамдармен тең дәрежеде араласу керек. Қоғамға деген мейірім, жанашырлық, махаббат адам бойынан өшпесе деймін.

- Владимир Петрович, бізге уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз.

Сұхбаттасқан – Еңлік КЕНЕБАЕВА