ҚАҒАЗ ҒАСЫРЫ: МҰҒАЛІМ ГАДЖЕТ ПЕ СОНДА?

Уақыты: 02.06.2019
Оқылды: 7614
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұстаздық – қиындығы мен қызығы, бейнеті мен зейнеті қатар жүретін мамандық. Ол шыдамдылық пен парасаттылықты, білімділік пен ізденісті қажет етеді. Ал, қазіргі таңда мұғалімге қойылар талап үлкен. Сол талаптар орынды ма? Оның бірі – Жаңартылған бағдарлама аясында білім беру. Яғни, кей пәндердің ағылшын тілінде жүргізілуі. Оның ішінде маңызды пәндерге жататын физика, химия, биология сабақтарын алып қарайық. Аталған пәндерді кез келген бала толық түсіне бермейді. Ағылшын тілінде меңгеруі тіпті қиын болар деймін. Ал осы пән мұғалімдеріне үш айлық курсты оқып, бұл пәндерді ағылшын тілінде өткізу талап етіледі. Шыны керек, неше жылда қазақшамызды толық меңгере алмай жүргенде үш айда ағылшын тілін үйреніп кету екіталай. Одан оңды нәтиже шыға ма?

Бұл жағдай оқушыға да оңай тимейді. Қазақ тілінде қабылдауы қиын сабақты ағылшын тілінде оқу балаға шамадан тыс жүк артумен бірдей. Үштұғырлы тіл маңызды,  дегенмен де факультатив сабақтар мен аптасына ағылшын тіліне берілген сағаттары бар емес пе? Ауызекі сөйлеуге осының өзі жеткілікті болар еді. Арнайы тереңдетіп оқытылатын мектептерде барлық сабақты ағылшын тілінде оқытатын болса, оның жөні бір басқа. Атаулы мектептерде  ата-ана баласын өз ұсынысымен арнайы оқытқан болар еді.  Ағылшын тілі – халықаралық тіл болғанымен, мемлекеттік тіл – қазақ тілі емес пе?

«Ұстаздарымыз ағылшын тілінде білім беруге дайын ба? Ағылшын тілі курсын оқып, толық меңгере ала ма?». Осы мәселе көптеген ата-ананың көкейіндегі басты сұрақтың бірі.

Қағаз жұмысы бастан асып тұрғанда, тіл меңгеру тағы қосылды. Бұл оқушы мен ұстаздың арасындағы байланыстың аздығына әкеліп соқпай ма? Мұғалімді жан-жақты даярлап жатқанда оқушы назарсыз қалып қоймай ма? Осы орайда бір қызық әңгіме еске түседі: «Бір суға батып бара жатқан кісі үш тілде «құтқарыңдар» деп айғайлапты, сөйтсе жағада жүргендер, үш тілді үйренгенше жүзуді неге үйренбеген екен» депті. Осы сынды ағылшын тілінен басқа үйренер дүниеміз көп-ақ.

Қазіргі заман талабына сай «Қағаз ғасыры» деген заманауи тіркесте бар. Атқарылмаған жұмыстың бәрі қағаз жүзінде сақадай сай тұруы керек. Қағаз жоқ болса, істеген жұмысың да жоқ деген сөз бұл.

Қазір балаларымызды ақылы қосымша сабақтарға беріп жүрміз. Неге? Өйткені, барлық оқушыға бірдей көңіл бөлуге мұғалімнің уақыты жете бермейді. Бағдарлама бойынша барлық тақырыпты сыныпта орындауға үлгермей, үйге берілген тапсырманың мөлшері шамадан асып-жығылады. Одан ата-ана келіп қосымша оқытатын ұстаздарға жүгінеді. Ол, әрине, қалтаңды қағады.

Ата-ана ретінде кейбір сабақтардың ағылшын тілінде өткізілуіне өз басым қарсымын. Ұстаздарымыз гаджет секілді жаңа бағдарламалар орнатылып іске қосыламын дегенше, бүгінгі оқушыларға білім беруде орны толмас олқылықтардың орын алуы мүмкін. Білім беру сапасының негізін жоғалтып алу қаупі бар. Уақыттың қағазбастылыққа жұмсалуына жол бермей, ұстаздарға жанын салып білім беруге мүмкіндік ашылса білімнің көсегесі көгерер деген ойдамыз.

Гауһар ТОҚТАРБАЕВА