Қара шаңырақ

Уақыты: 14.11.2016
Оқылды: 4257
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Құлын-тайдай тебісіп өскен біздің үй қара шаңырақ-тұғын. Үлкендер жағы «үлкен үй» деп атап кеткесін ауылға келген әрбір қонақ табалдырығын аттамай қайтпайтын. Әкеміз ұлдардың кенжесі болғасын үй иесі атанып, ерекше ілтипатқа бөленіп жүрді.

Жылаған сәби үнімен бірге қосарланып маңыраған қой мен кісінеген жылқының даусы шығады. Үрген ит пен боздаған боталардың жөні бір бөлек. Ең әсерлісі, бозбалалар мен бойжеткендердің ат үстінде қолына домбырасын алып, кең даланы ғаламат үнге бөлей шырқаған ән мен күйі. Думанды топ сіз бен біз топшылаған «көш» еді. Қыстаудан жайлауға бет алып барады. «Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге, Мал толтырсам деп едім», – деп Махамбет Өтемісұлы жырға қосқан қазақ жерінің әр бұрышы шұрайлы-нулы, өзенді-көлді. Еркіндіктің ерекше көрінісі іспеттес «көшіміз» өзен жағалай жайлауды бетке алып, межелі жерге жеткесін алдымен үлкен үйдің керегесі керіліп, шаңырағы көтеріледі. Береке-бірлікті ту еткен ақсақалдар қолына уық ұстап, жапа-тармағай атсалысып, ақ баталарын арнайды. Кемелді келешек пен баянды болашақты тілей, ел амандығы мен жұрт тыныштығын көксей айтылған батаға барлығы алақан жайып, әумин деседі. Себебі әуелден «батамен ел көгерткен» халық едік. 
Шымшық, торғайдың шырылы құлаққа келсе, таң сәрінің саф ауасы жан сарайын аша түседі. Күн көтеріле келе жүзіңді сәуле торлап, көзіңді ашсаң алдымен шуаққа бөленген шаңырақты көресің. Сергектікті серік етіп, тау бұлағына беті-қолыңды жуасың. Ата-әжелер қасына немере-шөберелерін жиып алып, ертегісіне басады. Бозбалалар атқа қонып, мал бағып, ел тыныштығын күзетеді. Би-шешендер болса шешілмей жатқан түйінді мәселелерге ақыл қосып, ел мен елді, жұрт пен жұртты татуластырады. Ақын-жырау, сал-серілер жағы жер кезіп, ән-жырдан шашу шашады. Қыз-келіншектер ошақ қасында күн өткізіп, құрақ құрап, жүн сабайды. Кешқұрым барлығы басын қосып, балбыраған етке қол салып, қымыз-шұбат сапырады. Алтыбақан тебуге шыққан жастар ойыны «ақ сүйекпен» аяқталды. Осылайша күні бойы өткен қызықтар көз алдына елестей тәтті ұйқының құшағына енеді. Міне, әрбір қазақтың таңы осылай атып, кеші осылай бататын. 
Әсіресе, ақжаулықты әжелеріміз бен ақсақалды қариялар жалықпастан, тарықпастан жастардың санасына ұлттық дәстүрді сіңіріп, қадір-қасиетін ұғындырумен күн өткізеді. Екі ауыз сөзіне «шаңырақты» қосып, «барлығында ел шаңырағы шайқалмауы үшін күресесің» деп насихат етеді. Соларды құлағына құйып өскен әрбір ұл-қыз халық қамы үшін тер төгіп, қажыр-қайратын арнайды. Бүгінгісін емес, ертеңгісін есепке алып, ұрпақ аманаты үшін таң атырып, кеш батырады. Қолына найза, садағын алып атойлап жауға шабады. Ерлік пен отансүйгіштікті ұштастырып, еркіндіктің жолында жанын беруге даяр тұрады. Шаңырақта жәутеңдеп қалған аяулы жары мен балдай балаларын ойға алып, намысты қолдан бермейді. Басты байлығы да солардың аман-саулығы. Шаңырағын ұялаған шаттық құсын ұшырып алмас үшін жар құлағы жастыққа тимей, атына ауыздықпен су ішкізіп, жерін қорғау жолында аянып қалмайды.
Қазақ үйде тұрып көрмеген біз үшін басында «шаңырақ» сөзінің қасиеті аса сезіле бермейтін. Өйткені алдымен Елтаңбадағы шаңырақ елестейтін көзімізге. Әжеміздің: «Осы отаудың ошағы сенің қолыңда, сөндірмегейсің», – деп анамызға күн сайын айта беретінін түсінбейтін едік. Қазір ойлап қарасам, барлық жөн-жоралғыда қазақылық пен салт-санамыз сусындап жатқан екен ғой. Қарапайым шай құюдың өзінің тәртібі бар. Мұның барлығының қам-қарекеті Мәңгілік Ел құру жолындағы қазақтың төккен тері. Есіктен төрге дейінгі қашықтықты талай қасиет пен киеге мекен еткізген, қаймағы бұзылмаған ұлтпыз. Өткеніміз бен бүгінімізді байланыстырып, келешекке жасқанбай қадам басу басты парызымыз.

Мәулен Әнербай