Тіл мерейі арта түсті

Уақыты: 05.12.2016
Оқылды: 1623
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорған қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жұлдызды 25  күн» аясында «Тәуелсіздік – халық үні, ұлттың тілі мен ділі» атты мерекелік шара өтті. Онда Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев  баяндама оқып, тілге қатысты атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті.

– Облыс орталығында тілдерді дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Оған дәлел – Тіл сарайында жұмыс істейтін үш тілде оқытатын әдістемелік оқыту орталығы дер едік. Бұл орталықтың қазақ тілін оқыту курсына 295, ағылшын тілі бойынша 154 тыңдаушы қабылданып, мемлекеттік тілді меңгерген 27 адам сертификатқа ие болды. Жалпы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай тілге қатысты 380 шара жоғары деңгейде өткізілді. 
Мемлекеттік тілдің бірден-бір көрініс табатын жері – көрнекі ақпараттар. Соған орай мемлекеттік тілде жазылатын жарнама мәтіндерінің тіліне, сауатты жазылып, талапқа сай болуына аса көңіл бөлінуде. Көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін заң талаптарына сай безендіріп, үйлестіру және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында қаламызда «Тіл сақшы» жұмыс тобы құрылған. Биыл аталмыш топ 850 халыққа қызмет көрсету нысанының сыртқы және ішкі жарнамаларының заңға сәйкестігін тексерді. Сонымен қатар әкімдік қызметкерлері мемлекеттік мекемелер, мектептер мен балабақшалар, ірі және шағын кәсіпорындардағы тілдік жағдайды зерделеді. Нәтижесінде мемлекеттік мекемелерде іс қағаздары 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізілетіні анықталды. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің қолданылу аясы өткен жылдармен салыстырғанда едәуір кеңейе түскен. Былтыр ескерту айтылған мекемелердің тілге қатысты құжаттары түгенделіп, орыс тілінде жазылған көрнекі ақпараттар қазақ тіліне аударылған. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейту тек тіл мәселесімен айналысатын қызметкерлердің ғана емес, барша Қазақстан азаматтарының ортақ ісі деп білеміз. Мемлекеттік тілді дамытып, тіл саясатын жүзеге асырып, осындай дәрежеге жеткізуіміз оған үлес қосып жүрген бірқатар азаматтың арқасында, – деген Марлен Қапашұлы тіл жанашырларын, биылғы жылдың қорытындысы бойынша үздік деп танылған мекеме басшылары мен ұжымдарды Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаевтың Алғыс хатымен марапаттады. 
Бұдан соң қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Зәуреш Жақатаева, «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының бөлім меңгерушісі Элеанора Талданбаева сөз алып, тәуелсіздік пен тіл ұғымының қазақ халқы үшін маңызы зор екеніне тоқталып өтті.
Шара барысында ұлттық ән-биден шашу шашылып, белгілі ақын-жазушылардың тіл туралы өлеңдері де оқылып, тіл мерейі арта түсті.

Алма ЕСЕНБАЕВА