Алтынкөлдің арайлы таңы

Уақыты: 08.12.2016
Оқылды: 1628
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Халықаралық «Алтынкөл» теміржол бекетінің айналасы бүгінде қарбалас қимыл, қарқынды құрылыс, алыстан екі иінінен дем алып, алқынып жеткен алып жүк поездарының жер сілкіген доңғалақ ырғағына толы. Біз де міне, «Алтынкөлдің» сол қапталындағы халықаралық теміржол бекетінде желтоқсан таңын қарсы алып тұрмыз. Кеше ғана бірде түнеріп, бірде жайма-шуақ жадырап, қырық құбылып, жер әлемді қалың тұманға ораған күн райы түнде шайдай ашылып, Алтынкөл таңы  арайланып  атты.

«Алтынкөл»  бекетінде  ақ таңды қарсы  алуымыздың  басты  себебі – 1 қарашада, Астана  қаласында бастау алып, бүкіл қазақ  жерін көктеп өтіп, жолындағы ел-жұртқа көл-көсір қуаныш сыйлап  келе жатқан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы республикалық  акциясының біздің  облысымыздағы қадамы осы  жерден, ел  шебінен басталатыны. Аудан орталығынан «Алтынкөл»  бекетіне  үлкенді-кішілі  жолаушылар  көлігіне  мініп,  керуендетіп  жеткен  өңірдің  құрметті  азаматтары, қазына  көңіл қариялары, жалын  жүрек  жастары  ел  шебіндегі  тылсым  тыныштықты  бұзып,  бекет  маңын  жарқын  жүзді  жандардың  базарына  айналдырғандай. Бұл  барша  қазақстандықтарға  ортақ – Қазақстан  Республикасы  Тәуелсіздігінің  25  жылдық  тойының  бір  көрінісі.
Таңда  келіп  жеткен  жолаушылар  поезының  вагондарынан  өздерін  қарсы  алуға  жиналған  жергілікті  жұрт  ортасына  беттеген  құрметті  қонақтарды  алдымен  жергілікті  ақын  Қанатбек  Шаяхметов  арнау  жыр  айтып  қарсы  алды.  Одан  соң  ақ  жаулықты  аналар  ұлтымыздың  ата  дәстүрімен  шашу  шашып,  «Тәуелсіз  Қазақстаным»  поезының»  штаб  жетекшісі  профессор  Әміржан  Әлпейісов  бастаған  қонақтарды  сахна  төріне  оздырды. Мұндағы  салтанатты  жүздесу  жиынын  Панфилов  ауданының  әкімі  Бердәулет  Абдулдаев  кіріспе  сөзбен  ашып, өңір  халқының  жетістіктері  мен  жаңалықтарын жіліктеп жеткізді. Бекетке  жиналған  жұртты  ел  Тәуелсіздігінің  ширек  ғасырлық  мерекесімен құттықтады.
Кезекпен  сөз  тізгінін  қолға  алған  «Тәуелсіз  Қазақстаным поезы»  республикалық  акциясының  штаб  басшысы,  профессор  Әміржан  Қайырұлы бұл  шараның  Елбасының  бастамасымен қолға  алынғанын жеткізді. Акция  барысында  ҚХА Қоғамдық  келісім  кеңестері мен  «Нұр Отан» партиясының  қабылдауларында ҚР Парламенті  Мәжілісі мен  жергілікті  мәслихат  депутаттары, медицина  және  ауылшаруашылық мамандарының қатысуымен тұрғындарға консультативтік қызмет  көрсетілетінін атап өтті. Тәуелсіздігімізді  тұғырлап,  әлем  қауымдастығына  еліміздің  бет-бейнесін  танытып, мемлекет  іргесін  нықтаудағы  Елбасының  сіңірген  еңбегін  айшықтап айтып  өтті. Халықты  бірлікке  шақырып, берекеміздің  бұдан  әрі  артуына  тілектестігін  білдірді.
Осы  жиында  жаркенттік  атақты  жүгеріші,  Еңбек  Ері  Күләш  Айтжанова,  облыстық  Қоғамдық  келісім  кеңесінің  төрағасы Оралбек  Жақиянов, ҚХА  мүшесі, Жаркент  қаласындағы  «Рехимжан»  өнер  мектебінің  директоры  Рехимжан  Тохтахунов  сөз  сөйлеп, Тәуелсіздік  тойына  арналған  өздерінің  жүрекжарды  ақ  тілектерін айтты. Бекет  басындағы  жиыннан  соң  жаркенттік  өнерпаздар А.  Отаршиев,             К.  Шойынбаева, Е. Несіпбеков  «Жаса  Қазақстан», «Қазақ  елі», « Қазақстан»  сынды  рухты  әндер  орындап, шара  мәнін  әрледі.
Бұдан  соң  барша  жұрт  Нұркент қалашығына келіп, осындағы  орта  мектептің  жиынжайында  мектеп  оқушыларымен,  мұғалімдерімен, ауыл тұрғындарымен  жүздесіп, жиынды  жалғастырды. Мұндағы  жиынды облыстық  ҚХА  төрағасының  орынбасары, хатшылық  меңгерушісі  Ғабит  Тұрсынбай  кіріспе  сөз  сөйлеп ашып,  жүргізіп отырды. Жиында «Тәуелсіз Қазақстан»  поезының штаб  басшысы  Әміржан  Әлпейісов, Қоғамдық  келісім  РММ жетекші-сарапшысы Максим Споткай, Райымбек  ауданындағы  Қайнар  ауылдық  округінің  әкімі,  акцияға  қатысушы Серік Шалов сөз сөйлеп, тәуелсіздік тағылымдарын, Елбасының саралы саясатын тілге тиек  етті. Жиын  соңында акция  жетекшілері  Нұркент  орта  мектебінің кітапханасына  бірнеше  энциклопедия  мен  әдеби  кітаптар  тарту  етті. Жиын  соңында  мектеп  өнерпаздары  қонақтарға  шағын  концерт  көрсетті. 
Бұл  күні  Нұркенттегі  мектеп  пен  амбулаторияда  «Тәуелсіз  Қазақстаным  поезымен»  келген сала  мамандары  жергілікті  халықты  жеке мәселелерімен  қабылдап, оларға  кеңес  берді.
  Панфилов  ауданы.