"ЕНДІ АРАҚ ІШПЕЙМІН": ТЕКЕЛІНІҢ ТЕНТЕКТЕРІ ӘКІМНІҢ АЛДЫНДА АНТ БЕРДІ

Уақыты: 31.10.2019
Оқылды: 1947
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаевтың «тентексу» ішкен тентектер туралы түсірілген бейнематериалы бүкіл әлеуметтік желіде қызу талқыланып, ел-жұртқа жылдам тарады. Желі қолданушыларының бір тобы әкімнің тәртіпке шақырған әрекетін өзгелерге үлгі етсе, енді бірі істің аяқсыз қалмай, тиісті әкімшілік жаза тағайындалғанына ризашылықтарын білдіруде.

Қора өзенінің бойындағы қоғамдық орында үш ер адам бас қосып, ішімдік ішіп отырады. Шаһардың тыныс-тіршілігін күнделікті қадағалап, көше бойындағы тазалықты үнемі назарда ұстайтын әкім әлгі үшеуді ұялы телефонның бейнекамерасына түсіріп, не істеп отырғандарын сұрайды. Қала басшысынан именген олар ерсі әрекеттері үшін не айтарларын білмей, жан-жаққа қаша жөнеледі. Тіпті, отырған орнындағы қалдықтарды да жинамай кетеді.

Келеңсіз жайт 22 қазан күні кешқұрымда болған. Айта кетейік, осы оқиғаның алдында ғана Текелі қаласының тұрғыны әкімге арзан арақтарға тосқауыл қою туралы өтініш түсірген. Бақтияр Әлтайұлы әлеуметтік желідегі парақшасына: «Бүгін менің қабылдауыма қала тұрғыны келіп, күйеуінің күнде арақ ішетінін айтып, жасырын түрде сатылатын Өскемен арағына тосқауыл қоюды сұраған болатын», – деп жазып, сол күннің кешінде-ақ үш маскүнемнің масқара қылықтарына куә болғанын айтады. Жазба соңынан Текелі қалалық полиция бастығына, кірістер басқармасы басшысына шұғыл шара қолдануды тапсырады.

Кінәларын толық мойындаған бейнежазбадағы үш ер-азамат Текелі қаласының тұрғындары болып шықты. Қоғамдық орындағы оғаш қылықтары үшін олардың бірі бес, екеуі үш тәулікке қамауға алынды. Артынан ерсі әрекеттері үшін әкімнен кешірім сұрап, енді ішімдікке мүлде жоламайтындарын айтты. Айыбы ретінде ардагерлер ескерткішін және оның айналасын тазартуға уәде берді. «Алланың атымен, әке-шешемнің ақ сүтімен, еңбегімен ант етемін, енді арақ ішпеймін», – деді үш ер-азамат бірауыздан.

Өкініштісі, мұндай ұсақ құқықбұзушылықтар Текелі қаласында осы оқиғадан кейін де әр жерде қайталанған. Әсіресе, көпшілік жүретін саябақ пен демалыс орындары маңында әлі де ішімдік қалдықтары жиі кездеседі. Айта кетейік, жыл басынан бері тау қойнауындағы шаһарда 189 адам спирттік ішімдікке қатысты ескерту алған.

Текелі қаласының әкімі тұрғындарды тазалық пен тәртіп сақтауға шақырды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Текелі қаласы