"БАЛҚАШҚА ҚАУІП ТӨНДІ": ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЭКОЛОГТАР ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

Уақыты: 23.11.2019
Оқылды: 1377
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында «Балқаш – 2019» тақырыбында  бас қосқан  экологтар "Балқаш көліне қауіп төнді" деп дабыл қақты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экологиялық мәселелер ғылыми-зерттеу институты, «Табиғат» Қазақстан қауымдастықтары мен кәсіпорындарының экологиялық одағы және облыс әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған шарада Балқаш көлі мен Іле-Алакөл бассейнінің бүгінгі мүшкіл халі сөз болып, оны шешудің жолдары қарастырылды.

Бүгінде бүкіл әлем бойынша су тапшылығы сезілуде. Енді бірнеше жылдан кейін бір тамшы судың құны мұнай мен газ, алтынның бағасынан қымбат болуы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап қолда бар судың қадіріне жетіп, оны үнемдеп пайдалану аса маңызды. Өкінішке қарай, шекара шебіндегі су арналарын өзендерді пайдалануда Қытай жағы өзімбілемдікке басып отыр. Олар «Трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану және қорғау» туралы келісімге қол қоюға бейіл емес. Соның кесірінен су қайнарының 80 пайызын Іле өзенінен алатын Балқаш көліне қауіп төніп келеді.

Балқаш көліне төніп тұрған қауіптің салдары Арал қасіретінен кем соқпайтыны анық. Ол көл жағалай орналасқан Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарымен қатар көрші Қытайдың да экологиялық мәселесін ушықтырып жіберетіні белгілі. Осындай өзекті мәселелер көтерілген жиынға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы, «Қазгидромет» РМК өкілдері қатысты. Көптің көкейіндегі күдікті талдап берген эколог Мэлс Елеусізов бұл тақырыптың осыдан 20 жылдың алдында көтерілгенін де еске салды.

– 2000 жылы Балқаш көлін сақтап қалу туралы алғашқы отырыс Алматы шаһарында өтіп, бірінші адымда ой-пікірлер мен бетпе-бет келетін қатерлер талқыланған еді. Сол кезде экологтар алға тартқан қатерлер, міне, бүгін алдымыздан қайта шықты. Алайда тиісті мекемелер бұл мәселеге әлі де терең бойламай отыр. Бүгінгі шара арқылы біз көпшіліктің назарын осы мәселеге аударғымыз келеді, – деді ол.

Осындай күрделі мәселелерді зерделеген экологтар Балқаш – Алакөл бассейнін құрып, оны мемлекет тарапынан қорғауға алынатын түйінді қорықтардың біріне айналдыру керектігін алға тартты. Сондай-ақ, көпшілікті осы ұсынысты қолдауға шақырды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды