ТАЛҒАР АУДАНЫ: ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ 125 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

Уақыты: 13.12.2019
Оқылды: 2055
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақ халқының азаттығын аңсаған Алаш ардақтыларының басынан кешкен қасіреті мен қайғысы мың қабат. Өткен ғасырдағы ақ патшаның сұрқия саясатына қарсы шыққан ұлт-азаттық көтерілістер осы күнгі тәуелсіздікті, еркіндікті арман еткен ерлердің ісі болатын. Ұлан-ғайыр жерге иелік етіп отырған қазақ халқының басына қара бұлт үйірілгенде саяси пайым-парасатын, білім-білігін жұмылдырып, ел тағдырына алаңдап, бастарын қатерге тіккен ұлт көсемдерінің көш басында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың тұрары хақ.

Жас та болса мемлекеттік маңызды істерге бас бола білген Тұрар Рысқұлов тарихы Талхизден бастау алатын Жетісу облысы (қазіргі Алматы облысының шекарасы) Верный уезінің Шығыс Талғар бекетінде 1894 жылы дүниеге келген. Әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы ХІХ ғасырдың 80-ші  жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай, Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы) Верный уезіне қоныс аударып келген. Жаңа қонысында да әділетсіздік көрген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтіреді. Бұл жөнінде жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш» повесінің желісімен түсірілген көркем фильмде толыққанды баяндалады.

Түрмеге түскен Рысқұл жалғыз ұлы Тұрарға зияны тиер деген қауіппен баласын қасына алдыртады. Сөйтіп, «Түрме баласы» атанған Рысқұлов түрме үйлерін сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп, орыс тілін меңгерген екен. Қиындықпен буыны бекіген Тұрар Рысқұлов әкесі 10 жылға сотталып, Сахалинге жер аударылған соң «Қырғызбаев» деген жалған фамилиямен нағашыларының қолына келіп, Меркедегі орыс-түземдік бастауыш мектепте оқиды. Одан кейін 1910 жылы Пішпектегі 1-ші дәрежелі ауылшаруашылық мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша тәмамдап шығады.

Биыл Алаш арысы, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай, туған жері Талғар ауданында айтулы іс-шаралар аталып өтті. Соның бір сүбелісі, аты берілген Тұрар Рысқұлов ауылының жоғарғы жағына, яғни, Алаш арысының кіндігі кесілген Бесағаш өзенінің бойындағы қыстақтың орнына ескерткіш белгі орнатылды. Алаш арысының  рухына арналып, құран бағышталды. Бұл қасиетті Талғар топырағында өмірге келген Тұрардың туған жері екендігін айғақтай түспек. Сонымен бірге, 1994 жылы Т.Рысқұловтың ғасыр тойына орай, аталған ауылдағы №16 орта мектептен қоғам қайраткерінің өміріне арналған мұражай ашылған болатын. Ол 2011 жылы жаңа форматта қайта жаңғыртылып, өскелең ұрпақтың тарихты тануына қызмет етуде.

Ақын Камнұр Тәлімұлы:

Өрлігі Талғарымның шың-құзындай,

Отты өлең жазар ма ақын шын қызынбай?

Тұран деп ту көтерген Тұрар ерім,

Жанып тұр маңдайдағы жұлдызыңдай, – деп жырласа, ақын, драматург әрі ардагер журналист Мұса Жанәділов ағамыз:

Талғардың қыранысың,

Шырқалар жыр-әнісің.

Еңіреп өткен елім деп,

Қазақтың Тұрарысың,

Алаштың ұранысың, – деп төгілтеді. Бұл шығарма осы күні өскелең ұрпақтың аузынан түспейтін патриоттық әнге айналып кеткенін айту артық етпес.

Ауқымды шаралардың бірі – Тұрар Рысқұловтың өмірі мен халқына сіңірген еңбегін арқау еткен ғылыми конференция М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде аталып өтті.

Конференция шымылдығын ашқан аудан әкімі Жолан Омаров Тұрар Рысқұловтың өмір дерегіне тоқталды.

- «Ұлы таулар аласармайды, ұлы есімдер ұмытылмайды» демекші, туған халқын жанымен сүйе білген, сүйсінте білген тау тұлғалы есімдер жұрт жадында мәңгілік жаңғыра бермек. Біз бүгін ұлан-ғайыр ұлы далада ғұмыр кешкен қасиетті қазақ елінің біртуар ұлы, қоғам қайраткері, азаттық жолында арыстандай айқасқан алып тұлғалы азамат Тұрар Рысқұловтың 125 жылдық мерейтойына жиналып отырмыз. Ұлтының болашағы үшін басын бәйгеге тіккен аяулы арысымыз Талғар топырағында дүниеге келген. Тағдыр тауқыметін тартқан бала Тұрар білімге құштар болды, - деген Жолан Ыбырайақынұлы сөз соңында ғылыми конференцияға қатысқан танымал тұрартанушы тарихшыларды «Тұрар Рысқұловқа 125 жыл» деген арнайы төсбелгімен және Алғыс хатпен марапаттады.

«Алаштың ұраны, Талғардың Тұрары» атты ғылыми конференцияда жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов, фиолология ғылымдарының докторы, профессор Әнес Ғарифолла, Қазақстан кинематографистер одағының және суретшілер одағының мүшесі, публицист Сәуле Қожықова, тарих ғылымдарының кандидаты Талдыбек Нұрпейісов, PhD, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, тұрартанушы Алмас Жүнісбаев және қайраткердің  жиені Арифа Исенғұловалар қатысып, Тұрар Рысқұловтың сан қырын тілге тиек етті.

Тұрартанушы С.Смағұлова Тұрардың қазақ халқының басына төнген алапат жұттан аман алып қалу жолындағы жанкешті еңбектері мен саяси белсенділігін түбегейлі зерттеу қажеттігін баяндады.

Ал Алмас Жүнісбаев Тұрардың қоғам өмірінде ықпалының аз болмағандығын, қазақ жастарының басын біріктіріп, белсенділерінің білімін жетілдіруде қолдау көрсетіп, бірнешеуін Германияға оқуға жібергенін айтты. Солақай саясаттың салдарынан өзге ұлт өкілдерін, соның ішінде, қазақ жастарының білім алуында бірқатар бұрмалаушылықтар болғандығын анықтаған Рысқұлов өзі оқу комиссиясын басқарып, Түркістанға 12 оқу жолдамасын алып бергендігін, сол арқылы білім алған жастар еліне қайта оралып, елеулі еңбек сіңіргендігін де тілге тиек етті. Солардың ішінде ұлт перзенті Д.Қонаевтың да Мәскеуде білім алуына қолдау көрсеткен Тұрар екендігін ерекше атады.

- Бүгінде Тұрар туралы әрқилы пікірлер мен көзқарастар айтылып жатқаны рас. Дегенмен, Тұрар өз елін ешқашан бөлген емес, өзі тұтас Түркістан идеясын көтерді және сол үшін құрбан болды. Оның Мұхаметжан Тынышпаевқа көрсеткен жақсылықтары, Мұстафа Шоқайға берген көмектері, Әлихан Бөкейхановтың абақтыға түскенде жазған араша хатын, телеграммасын тапқанбыз, – деген тарихшы Тұрар Рысқұловтың Қазақстанда алғашқы оқу орындарының ашылуына атсалысқандығын сөз  етті. Жалындаған 24 жасында-ақ ашаршылыққа ұшыраған халқының тағдыры үшін күрескен ер.

Ф.Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан төңкерісін жасау» идеясына ашық қарсы шықты. Жиында  Қазақстандағы ашаршылық апатынан халықты құтқару жайында Сталинге ашық хат жазып, нақты ұсыныстарын қаймықпай жеткізудегі азаматтық ұстанымдары жан-жақтылы баяндалды.

Қазақ халқының біртуар перзенті Тұрар Рысқұлов 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген кезінде «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқындалып, 1938 жылы 10 наурызда кеңестік қуғын-сүргінге ұшырап, Мәскеу қаласында атылған. Т.Рысқұловтың әйелі Әзиза да кеңестік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 18 жыл айдауда болған. Ал Ескендір есімді ұлы түрмеде қайтыс болады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды