"ЖАЛҒЫЗ ӨЗІ БАРҒАН": ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНДА ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ ТӨБЕЛЕСТІ

Уақыты: 27.12.2019
Оқылды: 2159
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жамбыл ауданы әкімі орынбасарының мейрамханадағы төбелесі әлеуметтік желіде тез тарады. Осыған байланысты Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел түсініктеме берді. Бұл жайында толығырақ "Қазақпарат" жазды.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жаңажылдық кеш емес. Оқиға «Белые розы» мейрамханасында 25 желтоқсан күні, түнгі сағат 00.30-да болған. Аудан әкімінің орынбасары мейрамхана қонағымен сөзге келіп қалған. Дау соңы төбелеске ұласқан. Қазіргі таңда лауазымды тұлғадан түсініктеме алынған.

Баспасөз өкілінің айтуынша, әкім орынбасарына қатысты тәртіптік жаза қолданылады. Сондай-ақ, ол Жамбыл ауданы әкімінің төрағалығымен өткен отырыста жаңажылдық ұжымдық кештерді ұйымдастыруға тыйым салынған хаттаманың және «Белые розы» мейрамханасы әкімшілігінің Жамбыл ауданы әкімдігінің жаңажылдық кешін өткізбегені туралы түсініктемесі жазылған суреттерді де жариялады.

Айта кетсек, әлеуметтік желіде бірнеше ер азаматтың жаға жыртысып, бір-бірін соққыға жығып, төбелесіп жатқан сәті бейнеленген бейнематериал тараған еді. Желі пайдаланушылары төбелесте Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары мен басқа да мемлекеттік қызметкерлерді танып: "Олар жаңажылдық ұжымдық кешті тойлап жатқанда төбелескен", - деген пікір қалдырған.

- Әлеуметтік желіде талқыға түскен бейнежазбаға қатысты қызметтік тексеру жүргізілуде. Жамбыл ауданы әкімі орынбасарының тәртібіне қатысты шешім қабылданады. Ол көңіл көтеру орнына жалғыз өзі барған. Ал мейрамханада мемлекеттік қызметшілер жаңажылдық басқосу өткізбеген. Жалпы, аудан әкімінің шешімімен аймақта мемлекеттік қызметшілерге мерекелік кеш өткізуге тиым салынған, - деді Ғалымұрат Жүкел.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Алматы облысы