"МҮЛДЕ ЕСКЕРІЛМЕЙДІ": МАЛШЫЛАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛЫП ОТЫР МА?

Уақыты: 10.04.2020
Оқылды: 1727
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бүгінде кәсіпкерлігін мал шаруашылығымен байланыстырған ағайын көбейді. Себебі, базардағы мал өнімдерінің бағасы жыл санап қымбаттап, шаруаның отбасына береке берері даусыз. Жаркент өңірінде соңғы жылдары тек асыл тұқымды мал шаруашылығымен 40 қожалық айналысады. Олардың 30-дан астамы ірі қара, бесеуі қой және қалғаны жылқы өсіруге бейімделген.

Ауданның өзінде барлық меншік түрін қосқанда жалпы 317 мыңнан астам қой-ешкі, 78 мыңнан астам ірі қара, 17 мыңнан астам жылқы бар. Осынша төрт түлікті орташа есеппен отарлап, шамалап шақтасақ, оларды күнделікті өргізіп, өрістететін, қоралап қордалайтын көмекшісімен үш мыңға тарта малшы керек екен.

Бүгінде мал өсіретін ағайынның жақсы малшы таппай аяғынан тозып жүргенін жиі байқаймыз. Мәселенің мәні кешегі мен бүгінгіні салыстыру арқылы зерттегенде айқындала түседі. Кеңес кезеңінде бақташы егер жақсы еңбек етіп, өрістегі малы қоңды, төлді, басқа да өнімдері мол болса басшылық тарапынан ақшалай, заттай сый-сияпатқа қарық болатын. Онысымен қоймай, үкіметтен жыл, бесжылдық қорытындысының нәтижелері бойынша  орден, медаль алатын.

Қазіргі уақытта малшыға осындай құрмет көрсетіле ме? Неғайбыл. Кәсібін дөңгелетіп отырғандар көбінесе өзінің жақын туыстарын, таныстарын жалдайды. Оларға жарытып жалақы төлеп, зейнетақы қорын қомақтап жарытпаса да, жотадан қағып, алдап-арбап жұмыс істетуге жақсы. Еңбек кодексінде айтылған қожайын мен малшы арасында келісімшарт жасау мәселесі мүлде ескерілмейді.

Малдың жайын жақсы білетін шаруалардың көпшілігі біреудің малын бағуға ынталы емес. Өйткені,  айлық жалақысы демалыссыз мал соңында тартқан азабына арзымайды екен. Одан қалса, кешегі кеңес шаруашылықтарынан қалған, кетеуі кеткен көне қора, жауын-шашында төбесінен су сорғалаған ескі там үй, ондағы тұрмыстық жағдай (электр жарығы, газ, теледидар жоқтығы) көңіл көншітпейді.

Өз ісіне мығым, малшы болуға әбден лайық дейтін ауылдың қарапайым шаруалары жылда туып тұрған екі-үш сиыр, бірер жылқысы мен 20-30 қойын өз қорасында бағып, төлінен, сүті мен жүнінен нәпақасын айырып отыр. Ал азын-аулақ қаржыға малшы болып жалдануға келісетіндердің көпшілігі тіршілікке икемі жоқ, әр нәрсенің басын бір шалған жандар.

Жаркент өңіріндегі асыл тұқымды мал өсіретін Тасқын Жапарқұловтың «Ернар», Өтеген Бітебаевтың «Мәдина», Жаңыл Көккөзованың «Айгерім» жеке шаруа қожалықтарында, Болат Көшкінов жетекшілік ететін «Керімағаш» қожалығында бақташылардың жоғары жалақысынан бөлек, олардың тұрмыстық жағдайларын жақсартуға барлық мүмкіндік жасалуда. Шаруашылық тарапынан малшы отбасына сый-сияпаттар жасау, олардың көңіл-күйлерін аулау да ұмыт қалмайды.

Мал өсірем десең, малшыңды тап. Ендеше, алдымен малшыға жоғары жалақы, жайлы тұрмыстық жағдай жасалмайынша бұл іске қызығушылық танытушылар саны көбеймейді. Ал жиі ауысқан малшыдан қораға береке кірмейтіні тағы бар. Өйткені, кәсібінен тәжірибесі жоқ, малдың жайын білмейтін адам уақытты, өрісті, қолда бар жемшөпті тиімді пайдалана алмайды.

Ағайын арасында жиі көріп, естіп жүрген жайлар болған соң ойымызды ортаға салуды жөн көрдік. Елімізде жастарды да атакәсіпке тартудың жолдары, амалдары қарастырылса құба-құп. Бұл бағытта кешегі ұжымдық шаруашылықтағы өндірістік негізде мыңдап қой бордақылаған кешенді жастар бригадасының тәжірибесі кәдеге жарар еді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Сурет ғаламтордан алынды