Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫНДА НЕГЕ АБАЙ КӨШЕСІ ЖОҚ?

Уақыты: 21.06.2020
Оқылды: 534
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұйғыр ауданындағы төбелестен соң өңір жастары Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВҚА аудан атын өзгерту туралы өтініш айтып, журналистерге аудан орталығы Шонжы кентінде Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев, Райымбек батыр атында көше жоқ екенін жеткізген еді. Осыған байланысты "Мінбер" ақпарат агенттігі зерттеу жасап көрді.

Біз ауыл тұрғындарынан Шонжыда бұған дейін қазақтың бас ақыны Абай атында көше болған ба деп сұрағанымызда ауылдың байырғы тұрғындары ондай көше болмағанын айтты. Биыл 175 жылдығы аталғалы отырған ойшыл ақын атында неге көше жоқ екенін білу мақсатында Ұйғыр аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гауһар Шавдиноваға хабарластық.

Гауһар Шавдинова, аудан орталығы Шонжыда Абай атындағы көше жоқ екенін айтып, жалпы аудандағы 14 ауылдық округке қарайтын 25 бес ауылдың 10-нында (Ақтам, Дардамты, Сұңқар, Кетпен, Кіші Диқан, Қырғызсай, Сүмбе, Тасқарасу, Тиірмен, Шарын) А.Құнанбайұлының атында көше бар деді. «Шонжының бір көшесіне Абай есімін беру туралы тиісті орындарға өтініш беріп пе едіңіздер?» - деген сұрағамызға Гауһар Шавдинова: «Құжаттарды әзірлей бастағанда Халық санағы болатындықтан мараторий жарияланып кетті», – деп жауап берді.

Гауһар Шавдинова бізге жіберген 2020 жылы ҚР халқының ұлттық санағын өткізу туралы құжатта: «Республика өңірлері халқының ұлттық санағын уақтылы және сапалы өткізу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға 2020 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, тарату мен қайта құру және елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, атауын өзгерту бойынша ұсыныстар енгізбеу туралы тапсырма беруіңізді сұраймыз», – деп жазылған.

Аудандағы көше аттары туралы деректерді іздеу барысында біз Шарын ауылдық округының әкімі шығарған «Шарын ауылдық округына қарасты Шарын ауылындағы Абдулла Розыбакиев атындағы көшені Мирзигуль Насыров атына ауыстыру туралы» шешімін көрдік.

Бұл шешім жоғарыда көрсетілген мораторийға қайшы емес пе деп Алматы облыстық ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы Ермек Ақшабаевқа хабарласқанымызда, ол: «Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау ауылдық округ әкімінің құзыретіне жатады. Заңдастыру мәселесіне тікелей жауапты өздері. Шектеуге байланысты 2020 бірде-бір ұсыныс қаралған жоқ», – деп жауап берді.

Бұл мораторийдің тек елді мекендер мен көшелерге қатысты екенін айтқан Ермек Ақшабаев аудандағы тиісті мекемелерден Шонжыдағы №4 мектепке Абай Құнанбайұлының, аудандық кітапханаға әл-Фараби есімін беру жөнінде ұсыныс түсіп, оны облыстық ономастика комиссиясы қолдағанын, қазір республикалық ономастика комиссиясының шешімін күтіп отырғанын айтты.

2009 жылғы санақ бойынша 18008 адам тұратын аудан орталығы Шонжы ауылында барлығы 119 көше бар, оның 29-на қазақ, 33-не, ұйғыр, 2-не басқа ұлт азаматтарының есімі берілген. Қалған 55 атау Тәуелсіздік, Ажар, Жас ұлан, Болашақ секілді қазақ тіліндегі атаулар. Ең ірі орталық көшенің екеуі Ашим Арзиев және Кинтал Исламов атында.

Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Ұлттық болмыстың үлгісі деп баға берген Абай Құнанбайұлы атында көше жоқ екен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұған дейін де болмаған көрінеді.

Біз шағын мақаламызға дерек жинай жүріп, облыс орталығы Талдықорған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 346 км-дей жерде Қарадала алқабының солтүстік бөлігінде орналасқан аймақтағы ең үлкен Шонжы кентінде әлемнің екінші ұстазы, қазақ жерінде өмір сүрген ғұлама ғалым әл-Фараби, жоңғар шапқыншығы кезінде Жетісу жерін жаудан азат еткен Райымбек батыр, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы, ақиық  ақын Мұқағали Мақатаев атында көше жоқ екенін білдік.

Қазақстан Республикасындағы әкімшілік құрылым бойынша аймақтағы ең ірі елді мекен - Шонжыда ел тарихындағы ірі тұлғалар атымен аталатын көшенің болмауы Ұйғыр ауданындағы мемлекеттік мекемелерде қызмет ететін лауазымды тұлғаларға сын. Бұлай жалғасса, болашақ ұрпақ ел тарихындағы ел үшін еңбек еткен ерен тұлғалардың есімін ұлықтауды білмей өсетіні анық.

Назым ДҮТБАЕВА

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан