Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"АДАМ АТҚА ОТЫРМАЙДЫ, МІНЕДІ": ҚАТЕ НЕДЕН КЕТІП ЖҮР?

Уақыты: 16.07.2020
Оқылды: 623
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бұқаралық ақпарат құралы төртінші билік екені рас. Осының өзі үлкен жауапкершілік артады. Кейде «халыққа дұрыс ақпарат жеткізіп жүрміз бе?» деген сауал туындайды. Сөздің шыны керек, газет-журнал, сайттардан орфографиялық, пунктуациялық, басқа да стилистикалық қателерді байқап, түзеп жатамыз. 

Журналистердің жазған мақаласында, тележүргізушілерде, дикторларда қате қолданыстар көптеп кездесетіні ақиқат. Мәселен, тіліміздегі термин сөздерді дұрыс қолданбау. Ұстаны ұсташы, диқанды диқаншы, аспазды аспазшы деп жатады. Бұдан бөлек, көптік жалғауының орынсыз қолданылуы да жиі көрініс табады. Мәселен, «Жалғызбасты ана біраз ақшалар жинаған тәрізді» деген сөйлемде «ақшалар» емес «ақша» болады. «Нұрғали Нүсіпжановтың репертуарында 100-ге жуық әндер бар» дегенде де «әндер» емес «ән». «Барлықтарыңыз мен үшін қымбатсыздар» деген сөйлемде де көптік жалғауын орынсыз қолданылған. Дұрысы – «барлығыңыз». 
Орыс тілінен тура аударма жасау, яғни, калькалау тәсілін орынсыз пайданалу арқылы етістіктерімізде де қате қолданыстар өріп жүр. Мысалы, «Домбырада ойнайды», «Играет на домбре» дегеннің калькасы. Домбыраны ойнамайды, тартады, шертеді. Ойнаса допты ойнайды. «Құрылысшылар ғимаратты салып бастады» емес, «Құрылысшылар ғимаратты сала бастады». «5 баланы жалғыз асырап отырған әке мектепте мұғалім болып жұмыс жасайды екен» деген де дұрыс емес. Себебі жұмысты жасамайды, жұмысты істейді. Осыған ұқсас «атқа отырдым, автобусқа отырдым» дегенді де кездестіріп жүрміз. Адам атқа және автобусқа отырмайды, мінеді. Содан кейін шаңды сорғытпайды, шаңды сорғызады. Ал суды сорғытады. Сонымен қатар, тәуелдік жалғауының дұрыс қолданылмауы да кездеседі. Оған дәлел ретінде «Ақиқатын айту керекпіз»  деген тіркестердің дұрыс нұсқасы «Ақиқатын айтуымыз керек» болады. Шетелдің тауары жайлы сөз еткенде кездесетін мына бір қателерге назар аударайық: жапондық аяқкиім, американдық кино, итальяндық етік. Бұл жердегі үш тіркестің үшеуі де дұрыс емес. Себебі жапондық, американдық, итальяндық деп адамға қолданамыз. 
Осындай қате сөз бен тіркестер жайлы «Фейсбук» әлеуметтік желісінде Назгүл Қожабек мәселе көтеріп жүр. Тартысы бітпей жатқан «Туу» етістігі жайлы ол: «ТУУ етістігінің ырықсыз етіс формасы жоқ. ТУУ – ананың баланы ішінен шығаруы емес, баланың ананың ішінен шығуы. Ана емес, бала істейтін әрекет. Сол сияқты қаншама етістік бар қазақ тілінде. Әлі күнге дейін солардың тізімін жасап, бекіте алмай отырмыз. Ағылшын тіліндегі бұрыс етістіктер тізімі сияқты қылып, тастай бекітіп тастау керек, сонда мектеп оқулықтарында, аттестатта «туылған» деген сөз болмайды. Туылуға қадалып қалдыңдар ғой дейтіндерге: бұл – бір ғана қате емес, тұтас кейс. Осы сияқты қанша қате бар қазақ тілінде. Олар орыс, түрік, өзбек тілінен келіп отыр. Соларды тоқтатамыз десек, туылудан бастау керек»  – дейді. 
Бұдан бөлек, «Мың адам болса да, ұйқыларынан емес, ұйқысынан оянады», «Негізі, санитарлық талаптар деген дұрыс емес. Санитария талаптары болуы керек. Соған сәйкес: Главный санитарный врач. – Санитария бас дәрігері», «Қара жұмысқа салынды». Яғни, біреу адамды қара жұмысқа салған. Бұл – өзге тілдердің ықпалы. Әсіресе орыс тіліндегі залогтарды калькалау тілді құртып барады. Бізге етістер сөздігі керек. Қай етістік қай етіс формасында қолданылады, қайсы қай етіске түспейді – бәрі тізілуі керек. Әсіресе, былай қарағанда өзгелік не ырықсыз етіс көрінгенімен, шын мәнінде өздік етіс болуы мүмкін сөздер бар, соларды көрсету керек. «Жүрілген жол» дегенді былқ етпей сіңіріп алғанымызбен қоймай, енді «барылған, келінген» дегенге ұрынғалы тұрмыз»  деген жазбалары қате қолданыстарды айшықтап тұр. 
Осындай олқылық орын алмауы үшін журналистика факультеттерінде арнайы сабақ енгізіп, оқу құралдарын шығару қажет. Билік пен халық арасына алтын көпір орнататын журналистер үшін аса қажет дүние осы.

Мәулен ӘНЕРБАЙ
Сурет ғаламтордан алынды