ТАЛДЫҚОРҒАНДА АҚША БОПСАЛАҒАН 26 ЖАСТАҒЫ ЖІГІТ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 17.10.2020
Оқылды: 1260
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорғанда ақша бопсалаумен айналысқан 26 жастағы жігіт полиция өкілдерінің қолына түсті. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Алматы облысы полиция департаменті криминалды полиция басқармасына 25 жастағы Талдықорған қаласының тұрғыны арыз түсіріп, жете таныс емес бір азаматтың ірі көлемде ақша бопсалағанын айтады. Бұрын екі рет істі болған күдікті қорқытып-үркіту арқылы шағымданушы тұлғаның қаржысын алып қойған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 194-1 бабы бойынша тіркеліп, іс қозғалды.

Полиция өкілдерінің жедел әрекет етуінің арқасында және арнайы күштік құрылымдардың көмегімен Талдықорғандағы Назарбаев-Ақын Сара көшелерінің қиылысында күдікті адам құрықталды. Ол жасаған қылмысын мойындап, біреуден күш көрсетіп алып қойған қаржысы қайтарылды.

Осыған байланысты шағымданушы тұрғын жедел әрекет еткен құзырлы мекеме қызметкерлеріне алғыс жаудырып, шын жүректен рахметін айтты. Қазіргі таңда күдікті қамауда. Оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"