КЕГЕНДЕ МАЛ ҚЫРЫЛЫП, ТҰРҒЫНДАР ҚОЖАЛЫҚ КЕТСІН ДЕГЕН ТАЛАП ҚОЙДЫ

Уақыты: 26.01.2021
Оқылды: 1237
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Кеген ауданында 50-ден аса мал қырылып қалды. Кеген аудандық әкімдігінің "Қазақпаратқа" берген хабарламасына сүйенсек, аяғы аспаннан келіп жатқан ірі қараларға қарасан тиіп, пастереллезден өлген. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кеген ауданы әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, шетінен қырылып жатқан мал Бөлексаз ауылындағы жеке шаруашылыққа тиесілі. Әкімдік қазір бұл шаруа қожалығы карантинге жабылғанын, ондағы мың басқа егу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.

- Облыстық зертхананың қорытындысы бойынша қарасан, пастереллез ауруына оң нәтиже көрсетті. Осы уақытқа дейін 19 бас қарасан ауруынан өлді. Ал алдындағы бізге хабарламай өлген 34 мал басы ветеринарлық мамандардың қатысуымен Бөлексаз ауылындағы мал өлексесі тасталатын жерге тасталды, - деді Кеген аудандық ветеринария станциясының директоры Қабыл Төкенов. Ал ауыл тұрғындары өлекселердің көзін жою дұрыс жүргізілмеді деп дабыл қақты.

- Мына ауылдың айналасындағы бүкіл су, қардың суы осылардың қожалығы арқылы өтеді. Мыналар тура су ағатын жерге салған. Бұлардың қидың астына жасырған малдың өлексесінен ауру шығып жатыр. Қашаның астынан су шығып жатыр, күн жылынғанда ол өзенге қосылады. Бүкіл мал ол жерден су ішеді. Малдың сүтін біз ішеміз. Мына ауылда басқа ауру шығады енді. Біз Қазақстанға жаңа ауру түрін алып келеміз бе деп қорқып тұрмыз, - деп наразылық білдірді Бөлексаз ауылының тұрғындары. Тұрғындар қожалық ауылдан көшірілсін, кетсін деген талап қойды.

Ақпараттың анық-қанығын Кеген ауданындағы меншікті тілшіміз тағы да хабарлайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"