Қырық миллионнан астам адамның өмірін қиған ауру ауыздықталып келеді

Уақыты: 04.06.2024
Оқылды: 505
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тіл сарайында «АИТВ және туберкулез бойынша Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдарды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Айгүл Катренова, Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқарма басшысы Арман Жансенгіров, өңірлік АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Гаухария Уранкаева қатысты.

Басқосуда халықтың негізгі топтары үшін медициналық қызмет көрсету бойынша қазіргі жағдайға шолу жасалды. Маңызды  мәселелер ашық айтылып, оны шешу жолдары ұсынылды. Сондай-ақ, туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай сарапқа салынды. Шарада сөз алған Гаухария Қызырханқызы:

­Бүгінгі жиынның мақсаты ­– халықтың негізгі топтары арасында АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Себебі, есірткі қолданатын, жағдайы төмен, сексуалды қызмет көрсететін, бір жынысты қарым-қатынасқа түсетін және осы сынды санаттарға жататын адамдар арасында профилактикалық іс жүргізу өте күрделі процесс. Өйткені, бұл топтарды мемлекеттік органдардың тексеруге мүмкіндігі бола бермейді, – деді ол.

Сонымен бірге, осы жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізу, негізгі топтар арасында инфекцияның таралуын тоқтату үшін мемлекеттен қаржы бөліну керектігін айтты.

ЖИТС ­­– инфекциясы дүниежүзілік денсаулық сақтаудың негізгі мәселесінің бірі болып қала береді. Осы уақытқа дейін вирус қырық миллионнан астам адамның өмірін қиды және инфекцияның таралуы бүкіл әлемде жалғасуда. Бұл дертті толығымен емдеудің жолы жоқ.

Алайда, профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және күтімнің тиімді құралдарына қол жетімділік кеңейген сайын, кесел бақыланатын созылмалы аурулар санатына өтті және АИТВ жұқтырған адамдар ұзақ және сау өмір сүре алады.

Мақпал Әділханқызы
ЖУ-дың 3 курс студенті
Суретті түсірген Руслан Қадыров