МӘМС ЖҮЙЕСІНДЕГІ МӘРТЕБЕҢІЗДІ ТЕКСЕРЕТІН УАҚЫТ КЕЛДІ

Уақыты: 08.06.2024
Оқылды: 485
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басты мақсаттарының бірі барлық азаматтарға, әлеуметтік жағдайына, тіпті тұрғылықты жеріне қарамастан, уақытылы сапалы медициналық көмекті қолжетімді ету. Әрбір тұрғынды әлеуметтік медициналық сақтандыруға тарту - маңызды қағидат.

Бұл жердегі әр азаматтың өз денсаулығына жауапты болуы және аурулардың алдын алу шараларына қатысуы, емханаларға барып қажетті тексерулерден уақытында өтуі маңызды мәселелер қатарында. Әр адам үшін ауыру үлкен күйзеліске, сондай-ақ, өмір сапасының төмендеуіне әкеліп соғады.

Облыстың барлық аудан, қалаларында арнайы медициналық көмек көрсететін штаб құрылды. Оның басты міндеті сақтандырылмаған азаматтың әлеуметтік мәртебесін анықтау және жұмысқа орналасу, жеңілдік мәртебесін өзектендіру және басқа да шаралар арқылы әлеуметтік қолдау көрсету. «МӘМС туралы» Заңда объективті жағдайларға байланысты өздері үшін жарна төлей алмайтын азаматтардың 15 санаты нақты жазылған. Олардың барлығына жеңілдік көрсетіліп, көрсеткіштер бойынша барлық жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік берілмек. Онымен қоса, медициналық көмек көрсету мерзімі 10 күннен аспауы керек.

Айта кетейік, облыс бойынша бүгінгі күні барлығы 576 541 тұрғынның сақтандырылған мәртебесі бар. Оның ішінде 386 755 тұрғын жеңілдік санатқа кіреді және олар үшін МӘМС-ке ай сайынғы жарналарды мемлекет жүргізеді. Өкінішке орай, облыстың 129 435 мың тұрғынының мәртебесі сақтандырылмаған, олар профилактикалық тексерулерден өтпейді және өз денсаулығын сақтауға атсалыспайды.

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: baq.kz