ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН АБЫРОЙ

Уақыты: 13.06.2024
Оқылды: 523
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Дені саудың жаны сау» деп бекер айтпаған. Расында, қай адамға да денінің саулығынан артық бақыт пен байлық, қазына мен құндылық жоқ. Ал, «басың ауырып, балтырың сыздаған» сәтте ақ халатты абзал жандардың алар орны ерекше екенін түсінесің. 


Сәуле Диқамбаева 1950 жылдың 2-ші кыркүйегінде ШҚО-да дүниеге келген. Еңбек жолын 1978 жылы Семей медицина институтын емдеу ісі факультеті бойынша бітіріп, жолдамамен Қаратал аудандық орталық ауруханасынан бастайды. 1978-1981 жылдары перзентхана бөлімшесінің акушер-гинеколог дәрігері, 1981-1989 жылдары әйелдер бөлімшесінің меңгерушісі болып істейді. 1990 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін гинекология бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқаруда. 

Өзі таңдаған сүйікті мамандығы бойынша адам жанын аман алып қалуда бір ұжымда 46 жыл тынбай еңбек еткен ардагер дәрігердің облыстың медицина саласын дамытуға, оның ішінде ана мен баланың өмірін жауапкершілікпен қараудағы атқарған ісі мол. Осы еңбек жолында Сәуле Жұманқызы қаншама қиындықтан өтті, науқастар үшін неше түнін ұйқысыз өткізді. Соның нәтижесінде мыңдаған науқастың алғысына бөленді. Әрбір науқаспен сөйлесу, ортақ тіл табысу, оны емдеу, жылы сөзбен сүйеу болу оңай емес. Науқастарды емдей отырып, өз өмірін қатерге тігіп, осынша жыл халыққа қызмет еткен акушердің жұмысын нағыз ерлікке теңесе де болады.

Денсаулық саласында атқарған еңбектері жеміссіз емес. Ол Қаратал ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек ардагері» төсбелгісімен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Отбасында 1 ұл, 2 қыз өсіріп, тәрбиелеген аяулы ана. 

Дәрігерлікке тән жоғары жауапкершілік пен терең білімді, үздіксіз ізденісті қажет деп білген, соның арқасында зор абыройға ие болған Сәле Жұманқызы әрқашан үлкен құрметке лайықты жан.

Айғаным АЙТМҰХАН