ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ САЛЫНАДЫ

Уақыты: 12.06.2024
Оқылды: 476
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Адамзат қоғамын алаңдатқан онкологиялық аурулардың жылдан жылға өршіп келе жатқанын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қаға жеткізуде. Ұйымның соңғы уақыттардағы мәліметінше, әлемде 20 млн. жаңа қатерлі ісік ауруы тіркелсе, бұл көрсеткіш алдағы 30 жыл ішінде 77%-ға өседі деп болжануда. Ал Жетісу облысындағы статистикалық деректер бойынша жыл сайын диспансерлік есепте тұрған пациенттер санының өсуі байқалады.


Ал облысымызда аталған дерттің алдын алатын, сырқат жандарды емдейтін бірден-бір онкологиялық орталық салынбақ. Осыған орай Талдықорған қаласында онкологиялық орталық салу жөніндегі ынтымақтастық туралы үшжақты Меморандумға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, «Кazakhmys Holding (Казахмыс Холдинг)» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай,  Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-минис-трі Тимур Сұлтанғазиев қол қойды.

Ресми шараның мақсат-міндетін  айшықтаған аймақ басшысы:
– Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту, заманауи медициналық құралдармен жабдықтауды арттыру – облыста ерекше бақылауда тұрған мәселелердің бірі. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 20 қазанда Жетісу облысына жұмыс сапары барысында Талдықорған қаласында жаңа онкологиялық орталық салу мәселесін тапсырған болатын. Осы бағытта әкімдік тарапынан бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында Жамбыл облысының 200 төсектік онкологиялық орталығының жобасы негізге алынып, мақұлданды, – деді.

Өз кезегінде сөз алған «Кazakhmys Holding (Казахмыс Холдинг)» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай,  Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-минис-трі Тимур Сұлтанғазиев, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдаровалар Талдықорған қаласында бой көтеретін орталықтың өзектілігі мен пайдасы жөнінде жан-жақты айтып өтті. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ