ОБЛЫС ӘКІМІ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 15.06.2024
Оқылды: 639
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Мерекелік іс-шара Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында өтті. Салтанатты басқосуда еңбегі еленген бір топ сала мамандары марапатталып, сый-құрметке бөленді.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударады. Ұлт саулығы – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты» деп айрықша атап өтті.

 

– Бүгінде аймақта халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, дәрігер мәртебесін арттыру үшін қажетті шаралардың барлығы жасалуда. Жалпы халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз етуге, профилактикалық бағытты дамытуға, қызмет сапасын көтеруге, ана мен бала денсаулығын қорғауға, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға, кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған іс-шаралар өңірімізде тұрақты жүзеге асырылып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат көлемі ұлғайтылып, сала бюджеті 92,3 млрд. теңгеге жетіп отыр. Онымен қоса жаңа медициналық нысандар салынып, мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.

 

Ұлттың саулығы, ұрпақтың болашағы, мемлекеттің өсіп-өркендеуі ең алдымен азаматтардың денсаулық жағдайына байланысты. Халық денсаулығын жақсарту мен медициналық қызмет сапасын арттыру жолында атқарып жүрген қажырлы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Алдымызда ел денсаулығын одан әрі қорғау, сапалы адами капитал қалыптастыру, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығына қол жеткізу бағытындағы жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр, – деді облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы.

 

Құттықтаудан кейін өңір басшысы бірнеше дәрігерді Құрмет грамотасымен марапаттап, Алғыс хат табыстады. Атап айтсақ, Любовь Козаченко, Света Бекбкергенова, Дәрібек Қыдыркешов «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Сонымен қатар, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» Динара Құрманова, Гүлнар Кадрахунова, Еркен Ахметов, Раушан Ахметкожина арнайы төсбелгімен, Лаура Имандосова, Жаннұр Сырымов, Аслан Қалибеков, Вадим Турускин «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Мерекелік шара Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармониясының концерттік бағдарлмасымен ұласты.

 

Жалпы 2022 жылдан бері инфрақұрылымды дамыту мақсатында облыста 40-тан астам нысан салынды, ал биыл 94 нысан тұрғызылады, соның 59-ы «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде салынса, 27-сі блокты-модульді құрылыс болмақ.

Атап өтерлігі, Жетісу облысы республикада бірінші болып шалғай ауылдарды қолжетімді медициналық нысанмен қамтуда блокты-модульді құрылыстарды қолға алды. Қазір бұл жоба өзге өңірлерде үлгі ретінде ұсынылуда.

 

Айғаным АЙТМҰХАН