ҚЫЗДАР ВАКЦИНАЛАНАДЫ

Уақыты: 21.06.2024
Оқылды: 1227
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Биыл қыркүйек айынан бастап қыздарды адам папилломавирусына қарсы вакциналау жүргізіледі. Бұл жайлы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова айтты.


Адам папилломавирусы (АПВ) – тері мен шырышты қабаттардың эпителийіне әсер ететін өте кең таралған вирустар тобы. Оның 14 түрі онкогенді. Көптеген адамды бұл вирус алаңдатпайды, бірақ кейбір папилломавирустар сүйелдерге немесе қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Папиллома вирусы адамнан адамға тұрмыстық байланыс және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін. 

ДДҰ мәліметі бойынша, 95%-дан астам жағдайда жатыр мойны обырын адам папилломавирусы тудырады. Жатыр мойны обырының 70%-ы АПВ-ның екі жоғары онкогенді түрімен шақырылады.

АПВ бар әйелдерде жатыр мойны обырының даму ықтималдығы АПВ жоқ әйелдерге қарағанда 6 есе жоғары.

Бұл вирусқа қарсы алғашқы вакцина 2006 жылы тіркелген. Бүгінгі күнге дейін вакцина тиімділігін көрсетті. Вакцина енгізілген елдерде ЖМО-мен ауру қаупі 70-90%, тік-ішектің қатерлі ісігімен ауру қаупі 77%, ерлер мен әйелдердің жыныс мүшелерінің қатерлі ісігі даму қаупі 96-99%-ға төмендеді.

Ең тиімді қорғаныс – вакциналау. Вакцинамен қорғануға болатын – жалғыз қатерлі ісік – ЖМО. Халық- аралық тәжірибеде жүзден астам елде, соның ішінде ұлдар арасында АПВ вакцинасы енгізілген. Бұл мемлекеттерде жатыр мойны обыры 90%-ға азайды.

Айғаным АЙТМҰХАН