ЕМДЕУ МЕКЕМЕСІ ЕЛ ИГЛІГІНЕ

Уақыты: 12.07.2024
Оқылды: 487
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жуырда Сарқан ауданы, Черкасск ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Енді ауыл халқы ем алу үшін аудан орталығына сабылмайды. Заманауи құрылғылармен жабдықталған емдеу мекемесі күніне алпысқа жуық емделушіні қабылдауға қауқарлы.


Әлеуметтік нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Черкасск ауылдық округінің әкімі Мақсат Айтжанов пен Сарқан аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Біржан Уаханов келді. Олар ауыл тұрғындарын жаңа емдеу мекемесінің ашылуымен құттықтап, дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Аумағы 312 шаршы метрді құрайтын жаңа нысан осы уақытқа дейін қолданылып келген санитарлық нормаға сай болмаған ғимаратта орын алған мәселелерді толық шешіп отыр.

– Аурудың алдын алу, науқастың диагнозын дөп тауып, уақытында ем-шара қолданып, халықты дәрігерлік тексерістен өткізіп тұру біздің басты міндетіміз. Мұнда тұрғындар аудандық емханаға бармай-ақ  заманауи технологиямен жабдықталған амбулаторияда арнайы талдама тапсыра алады, қорытындысы да жылдам шығады, – дейді амбулатория меңгерушісі Салима Закарияқызы.

Халық игілігі үшін салынған нысан барлық санитарлық ережелер мен талаптарға сай. Дәрігерлік амбулаторияда  3 дәрігер, 9 орта буын қызметкер, 1 кіші буын және 2 басқа да қызметкер еңбек етеді. Мұнда педиатриялық, терапевтік, акушерлік, стоматологиялық көмектер де көрсетіледі.

Келушілер ғимараттың ішін аралап, жаңа үлгідегі жабдықтармен танысты. Медицина мекемесінің қолданысқа берілгеніне ауыл тұрғындары дән риза.

Облыстық қазынадан 70 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, былтырғы жылдың қыркүйек айында басталып, жаңадан іске қосылған нысан құрылысын «ШеберМеталл» ЖШС жүргізген.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы