Құтырмадан сақтаныңыз

Уақыты: 18.07.2024
Оқылды: 532
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихаты  «Құтырма ауруы және қаңғыбас иттермен күрес» тақырыбында өрбіді. Оған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары  Индира Күнбасова мен облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы  Асхат Базилов қатысты.

Спикерлердің сөзінше Ақсу, Қаратал, Кербұлақ аудандарында мал мен жабайы аңдар арасында құтырма ауруына шалдыққан деген күдікпен 11 жағдай тіркелген. Алты  жағдай  зертханалық жолмен расталды. Барлық ошақтарда ауру ит, жануарлармен қарым-қатынаста болғандар анықталып, егу жұмыстары өткізілді. Индира Советқалиқызының айтуынша, жыл сайын жануарлардан жарақат алудың 1500 -1700 жағдайы тіркеледі. Биыл 776 адам жануарлардың салдарынан  жарақат алған. Былтырғы осы кезеңде 820 рет жануардан жарақат алу дерегі тіркелген. 

Құтырма – орталық жүйке жүйесіне әсер ететін зоонозды вирустық ауру. Жұқпаның көзі – қаңғыбас иттер мен мысықтар, жабайы аңдар, ауылшаруашылық малы. 
Құтырма ауруы жануарлар тістегенде, тырнағанда, сілекейі тигенде жұғады. Облысымызда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары ветеринарлық қызметке жүктелген.

Асхат Мәуленұлы қаңғыған жануарларды аулау, жансыздандыру, вакциналау, стерильдеу және бірдейлендіру шараларына тоқталды. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның нормативтік-құқықтық актілерін іске асыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті. Қаңғыған иттер мен мысықтарды аулау және жансыздандыру, қараусыз қалған  жануарларды уақытша ұстау, егу және зарарсыздандыру шараларының барысына тоқталды.

Облыста иесіз иттерді ұстау пункттерін салу мәселесі қаралып жатқанын айтты. Баспасөз мәслихаты барысында журналистер спикерлерге жұқпаның алдын алу,  сақтық шараларын түсіндіру жиі жүргізілсе деген ұсыныс айтты. 

Гүлжан Мұқашқызы
Фото: gov.kz