«Жедел жәрдем» көлігі табысталды

Уақыты: 18.07.2024
Оқылды: 507
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыстық денсаулық сақтау саласы 29 «жедел жәрдем» көлігімен толықты. Оған облыстық бюджеттен 750 миллион теңге бөлінді. Салтанатты түрде ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ арнайы қатысты.

Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін жыл сайын ауқымды жұмыс атқарылуда. Мәселен, былтыр да дәл осындай 29 «жедел жәрдем» көлігі мекемелерге берілген болатын. Алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға қолдау көрсету жұмысы жүйелі атқарылады. Өйткені халықтың денсаулығын сақтау, медициналық қызметті дер кезінде көрсетуге жағдай жасау, оның қолжетімділігі мен сапасын арттыру – басты міндеттің бірі.

Биыл түрлі заманауи медициналық жабдық алуға жергілікті бюджеттен 4,0 миллиард теңге қарастырылған. Халық игілігі үшін облыс аумағында 94 медициналық нысан іске қосылады деген жоспар да жоқ емес. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде 59 нысан берілсе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісін кеңейту үшін ауылдық жерлерде 27 блокты-модульді нысан тұрғызылмақ. Ақ халатты абзал жандарға жақсы жаңалықпен бөліскен аймақ басшысы олардың жұмысына сәттілік тілеп, көлік кілтін табыс етті.

Денсаулық сақтау министрлігі, «Kazakhmys Holding» компаниясы және облыстық әкімдік өзара үш жақты меморандумға қол қойып, облыс орталығында жаңа заманауи онкологиялық орталық салуға келісім жасадық. Бұл іс халық игілігіне арналады. Біз шалғай ауылдарға дәрігерлік қызметке келген әрбір маманға 10 миллион теңге, қалалық жерге келгендерге 5 миллион теңгеден бір реттік көтермеақы береміз. Алакөл, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласына келген 5 маман көтермеақы алып, аудан, қала халқына қызмет етуде. Облыста медициналық қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсарту үшін 67 жедел жәрдем бригадасы жасақталғанын ерекше атап өткеніміз жөн. Олардың уақытылы келуін қамтамасыз ету үшін шалғай аудандарда қосымша орналастырулар құрылды. Жаңа аппараттар науқастардың келу уақытын қысқартады. Бұл дегеніміз науқасқа дер кезінде көмек көрсетуді білдіреді. Олар қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған және жеделдіктің 4-ші санатындағы шақыруларға қызмет көрсетуге арналған. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету, қызметтік баспанамен қамтамасыз ету және қолайлы еңбек жағдайын жасау мәселесі де шетінен шешіліп келеді. Осы қабылданған шаралардың барлығы халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Материалдық базаны нығайту науқастарға сапалы әрі мерзімді медициналық қызмет көрсетуді одан әрі жақсартып, сіздердің өз міндеттеріңізге деген жауапкершілікті арттыра түседі деп сенемін. Автокөліктеріңіз құтты болсын, – деді облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы.

Кербұлақ аудандық ауруханасының бас дәрігері Қанатбек Әбдірахманов  аудан халқының денсаулығы мен тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарылған шаралар үшін аудан жұртшылығының атынан ризашылығын білдірді.

Жаңа автокөліктер Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан, Қаратал аудандық орталық ауруханаларына, соның ішінде ауылдық медициналық мекемелерге, Талдықорған қалалық емханасына, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына, облыстық көпсалалы клиника мен облыстық фтизиопульмонологиялық орталыққа берілді.

Еңлік КЕНЕБАЙ