Ішек жұқпасы – қауіпті індет

Уақыты: 20.07.2024
Оқылды: 1834
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Асқазан-ішек жолдарының зақымдануы және интоксикациямен өтетін жұқпа –жіті ішек инфекциясы белең алып тұр. Соңғы 6 айда жіті ішек жұқпасымен   695 жағдай  тіркелді. Науқастанғандардың басым бөлігі балалар. Жіті ішек жұқпалары балалардың инфекциялық патологиясындағы негізгі дерт. Іштің өтуі және құсумен болатын сусыздану бала өміріне  өте қауіпті.  Әсіресе бала ағзасында су мен тұздың қоры аз. Сондықтан ішек инфекциясы баланың өмірі мен денсаулығына  қауіп төндіреді.

Жұқпа көзі науқас адамдар мен бактерия тасымалдаушылар.  Жұқпа қоздырғыштары тағам, су, тұрмыстық-қатынас жолдары арқылы таралады. Тағамды дайындау барысында технологиялық талаптарды сақтамау, жеміс-жидектер мен көкөністерді өңдеу ережелерін ескермеу, тағамды даярлау және таратумен айналысатын адамдардың жеке гигиена ережелерін ұстанбауы – сырқаттаралуының негізгі  себептері. 

Су – жұқпалы аурулардың таралуында маңызды факторлардың бірі.  Сондай-ақ ауру жұқпа қоздырғыштарымен ластанған суды пайдалану кезінде дамиды. Су құбырларында техникалық ақаулардың немесе апатты жағдайлардың болуына байланысты, кәріз суларымен ластануы – сумен таралатын аурулардың бірден-бір жолы.

Жұқпа қоздырғышы адам ағзасына түскеннен кейін, аурудың белгілері басталғанға дейінгі уақыт, бірнеше сағаттан 2 тәулікке дейін созылады. Әдетте, сырқат кенеттен басталады.  Сондай-ақ, бас ауру, әлсіздік, жүрек айну, тәбеттің болмауы қатар байқалады. Науқаста жиі құсу және диарея  белгілері дамиды. Сондықтан, аурудың алғашқы белгілері анықталған жағдайда шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінгеніңіз абзал. Өз бетіңізше ем жасаймын деп уақытты өткізіп алмаңыз.

Асхат Чарапиев,
Жетісу облыстық санитарлық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің  басшысы

Фото: poliklinika.sko.kz