Генетикалық сырқаттың салдары

Уақыты: 20.07.2024
Оқылды: 1613
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Медицина саласында  өзгерістер көп. Соның бірі балаға құрсақта жатқанда  жабысатын кеселді емдеуге арналған тәсіл. Бір әттеген-айы осындай  сырқатқа шалдығушылар саны өскен. Психикалық дамудың кешігуі, сөйлеу тілінің тежелуі, аутизм сынды сырқаттар ата-ананың бас ауруына айналуда. «Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» демекші, мұндай  сырқатты кімге, қалай емдету керек екенін көпшіліктің біле бермейтіні  анық. Дәрігерлердің айтуынша, ата-аналар балаларының ағзасында, дамуында кемшіліктің бар екенін біле тұра мойындағысы келмейді. Мұны қазекем бір сөзбен, «жаманшылыққа қимаймыз ғой» деп түйіндейді. Бірақ, балалардың осындай сырқатқа көптеп шалдығуына  жер-жерлерде  оңалту орталықтарының ашылып жатқандығы дәлел.  Қоғам дертімен  медициналық, әлеуметтік сала жан-жақты айналысуда. Сәбилердің диагнозын ерте анықтап, емдеп, қоғамда еркін өмір сүретіндей жағдайға жеткізу әлеуметтің мәселесі.  Сонымен заман дертімен қалай күресуді, ана мен бала денсаулығын сақтау үшін қоғамда қандай жүйелер жұмыс істейтінін,  баланы қалай емдету керектігі жайлы.  Талдықорған қалалық емханасының жалпы тәжірибелі дәрігер, реабилитолог Мөлдір Тілеуханова  жан-жақты әңгімелейді. Оқыңыз, көңілге тоқыңыз.

– Мөлдір Тілеуханқызы, бүгінгі таңда ана мен бала денсаулығын сақтау үшін медицина саласында қандай шаралар атқарылуда?

– Болашақ ана жүкті болған кезден бастап тізімге алынып, іштегі баланың қалыптасуы мен өзінің денсаулығы қадағаланады. Ол үшін  анализдер өткізіп, ультрадыбыстық зерттеулер жасалады. Босанатын күні болжанады. Қауіпті топтағыларға ерекше көңіл бөлінеді.  Перинаталдық орталықтарда әйелдердің босануына барлық жағдай жасалған. Балалар шала туса арнайы аппаратта жатады. Перзентхананың барлық бөлмелерінде әйелдерге арналған гигиеналық  бұрыш бар.  Сонымен қатар,  нәрестелерге төсектер  қойылған.  Табиғи жолмен босанатын әйелдердің толғақ кезінде еркін қимылдауына  жағдай жасалған.    Жаңа туған нәрестенің денсаулығы дүниеге келген секундтан бастап қадағаланады. Қазір емханаларда  бала кабинеті деген бар.  Сол кабинетте  балаға қалай күтім жасау керектігі,  мұнан жасына байланысты даму ерекшеліктері туралы ақпарат алуға болады.

– Бала көтеру жасындағы әйелдер денсаулығы жайлы айта кетсеңіз.  Қыз-келіншектердің  ағзасы ұрпақ өрбітуге  дайын ба?    Қандай кемшіліктер жиі кездеседі?

– Соңғы жылдары фертальді жастағы әйелдердің сырқаттанушылығы алаңдатуда. Бірінші орында темір тапшылық анемиясы, екінші артериялық гипертензия, содан кейін вирустық инфекция, несеп-жыныс жүйесінің созылмалы инфекциясы, одан кейін қант диабеті кеселі тұр. Жүктілікті жоспарлаған кезде темір тапшылығын қалпына келтіретін қоспаны ішу керек.  Себебі салмағы аз болып туатын балалардың басым бөлігі темір жетіспеушілігі анемиясымен дүниеге келеді. Сонымен қатар босанғаннан кейін көп қан кету, сепсис қаупі бар. Бір қарағанда көпшілік үшін темір жетіспеушілігі анемиясы жай нәрсе болып көрінеді. Бірақ, оның салдары өкінішке қарай, орны толмас қайғыға апаруы  мүмкін.

Қазіргі жағдайда жүкті әйелдердің шамамен 50%-ында әртүрлі патологиялық аурулар бар. Өкінішке орай,  олар көп жағдайда тек жүктілік кезінде анықталады. Сырқаттанудың салдарына жеке гигиена ережелерін сақтамау, стресс, дұрыс тамақтанбау,
экология, генетикалық тұқым қуалаушылық сынды кеселдер жатады. Кей  әйелдерде жатыр түтігі зақымданады. Мұның себебі жыныс ағзаларының қабынуы. Бұған гонорея, хламидиоз, жыныс ағзасының туберкулезі, кіші жамбас органдарына жасалған ота, эндометриоз және басқа сырқаттар жатады.   Гормональді бұзылысты адекватты түрде эндокринді жүйені емдеумен жазуға болады. Семіру кезінде дене салмағын қалпына келтіру аса маңызды. Кей жағдайларда тек қана дене салмағын қалыпқа келтірудің өзі ақ, гонодотропиндердің өндірілуін түзейді.   

– Мөлдір Тілеуханқызы,   дені сау  баланы  дүниеге  әкелу  әйелүшін ағзасына қандай күтім керек?  Қандай дәрумендер ішкен дұрыс?

 Баланың денсаулығы ана құрсағына біткеннен басталады. Сол үшін жүктілік алдында әйел өз  ағзасын тексерту керек. Әр емханада жүктілікті жоспарлайтын кабинет бар. Онда акушер-гинеколог, терапевт мамандар отырады. Сол кабинетке келіп, білікті мамандардан ақыл-кеңес алған дұрыс.  Мұнда жалпы қан, зәр анализдері, ультрадыбыстық зерттеулер жүргізіледі. Егер ата-ананың  хромосомды аурумен ауыратын балалары болса, онда  басқа баланы көтергенде генетикалық кеңеске жіберіледі. Жүктілікке  қарсы көрсеткіш болмаса, бала көтеруді  жоспарлай беруге болады деп рұқсат беріледі. Дәрігердің кеңесі бойынша дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігін толтыру керек. Тіпті осының барлығы орындалған жағдайда  фолий қышқылын қабылдау керек. Ол – ұрықтың туа біткен кемістіктерінің алдын-алудың бірден-бір жолы.

Сұхбат беріп отырғанымды пайдаланып әр әйелге  құлаққағыс айта кеткім келеді.  Балаға болашақ ана немесе әке деп қарау керек. Соған сай туа салысымен денсаулығын қадағалағаны жөн. Қыз баланың денсаулығы бала кезінен назарда ұсталуы тиіс. Жылы киіну, суық тигізбеу,  аяқ-қолды жылы ұстау, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жеке гигиенаға көңіл бөлу  болашақ ананың денсаулығына оң ықпалын тигізеді. 

– Бүгінгі таңда  психикалық дамудың кешігуі, сөйлеу тілінің тежелуі деген диагнозбен өмірге келіп жатқан балалар қатары көбейген.  Мұндай сырқатқа балалар құрсақта жатқанда шалдығады. Осының себебі не? Емдеу жолдарына тоқталсаңыз.

– Өкінішке орай аталмыш кеселмен туатын  балалар санының өскені рас. Психикалық дамудың кешігуіне есте сақтау, зейін, ойлау қабілеті, көңіл-күйдің қалыпты жағдайдан ауытқуы жатады.  Жүктілік патологиясына ауыр токсикоз, құрсақішілік инфекция, интоксикация, жарақат, қан жүйесіндегі бұзылыстар,  жатырішілік ұрықтың гипоксиясы, шала туу, асфиксия және босану кезіндегі жарақаттың кесірі болуы мүмкін.

Сөйлеу тілінің тежелуі деп  сөйлеудің кешігуін айтады.  Бұл диагноз 3 жасқа дейінгі балалардың дамуына байланысты қойылады. Мысалы, 3 жастағы баланың жадысында  800-1500 сөздік  қоры болуы керек. Балалардың сөйлеу тілі нормаға сай келмесе, яғни бала сөздерді жеке-жеке сөйлесе, ым-ишара қолданса, баланы бірінші кезекте невропатолог дәрігерге көрсету керек. Сөйлеу тілінің тежелуі – қыз балаларға қарағанда ұл балаларда жиі кездеседі. Баланың сөйлеуінің тежелуін ерте жастан-ақ анықтауға болады. Мысалы, 2 жастан асқанда сөз тіркесін құрауы керек. Ол далаға шығамын,  су ішемін, есікті аш деген сияқты сөз тіркестерін айтуы тиіс. Баланың осындай  кемшілігі байқалса дереу дәрігерге көрсету керек. Мұндайда невропатолог, психолог, дефектолог, логопед мамандарға тексерткен дұрыс.  Уақытында қаратпаса басқа да жүйке аурулары қосылуы  мүмкін.

– Аутист белгісі бар балалар қатары да көбейгені рас. Мұндай сырқаттың белгілері  кішкентай кезінде байқала ма?  Кеселдің белгілері жайлы айтсаңыз. Ертерек емдесе емделу мүмкіндігі жоғары болатын шығар?

– Аутизм ол грек тілінен алынған термин, «өзім»деген мағынаны береді.  Яғни, сыртқы дүниеден оқшауланып, өзімен-өзі болып, өзгелермен араласпай жүретін адам. Аутизмнің белгілері –басқа балалармен араласқанды ұнатпайды.  Оқу қабілеті және зейіні нашар болады. Тұйық және эмоцияларын көрсетпейді. Тілі кеш шығады. Тілдік қоры аз болады. Жиі қайталанатын біртипті қозғалыстар жасай береді. Өте белсенді немесе енжар.  Көзге тіке қарамайды. Адамдармен жақындасқанды ұнатпайды. Оқшау жүргенге құмар. Қауіпті жағдайды байқамайды.  Мысалы бағдаршамның "қызыл" түсіне қарамастан, жүре береді.  Басқа балаларға қызықпау. Кей дыбыстарға сезімтал болу. Зорлықшылдық мінез байқатады.  Эмоциясын басқаларға түсініксіз түрде көрсету. Мысалы, күлкілі емес нәрсеге күлу. Диагнозды қоймас бұрын дәрігер науқасты толық қарап, бірқатар психологиялық тесттер жүргізеді. Сондай-ақ, электроэнцефалография және бас миын ультрадыбыстық зерттеуге жіберуі мүмкін. Аутизмді психолог, невропатолог, логопед және басқа да мамандармен жүйелі түрде жаттығу арқылы емдейді. Дәрігер науқасқа арналған жаттығулар жиынтығын ұсынады және туғандарын онымен сөйлесуге үйретеді. Қажет жағдайда дәрілік препараттар беруі мүмкін. Баланың денсаулығында ақауы байқалса бірден дәрігерге жүгінген дұрыс.  Емді баланың кішкене кезінде жүргізсе тез қабылданады. Ең дұрысы алдын алу. Ол үшін жүктілікті жоспарлап, алдын ала ағзаны күшейтіп алған дұрыс.

– Мөлдір Тілеуханқызы, тұшымды жауабыңызға рахмет!

Гүлжан Тұрсын
Фото: c-med.mcfr.kz