ЕМХАНАЛАР ЭЛЕКТРОНДЫ ҚҰЖАТҚА КӨШЕДІ

Уақыты: 05.09.2018
Оқылды: 1367
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

   Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі   Бақытжан  Сағынтаев  өңір басшыларымен селекторлық   жиын өткізді.  Онда медицинаның бүгінгі жайы, халықтың спортпен шұғылдануы, инфляцияны ауыздықтау және цифрландыру мәселелері қаралды.

 

   Алғашқы сөзді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов алып, саласының қазіргі жай-күйін әңгімеледі.   
– Бүгінде барлық 17 өңір бойынша, оның ішінде емханаларда қағазсыз құжат жүргізуге көшу жұмыстары жүріп жатыр.  Медициналық ұйымдардың 97 пайызында ақпараттық жүйе орнатылған. Сондай-ақ,  барлық жерде  электронды паспорттар қалыптастырылуда. Алдағы уақытта  Денсаулық сақтау министрінің  орталық серверін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Онда барлық паспорттар аударылады және көшіріледі.  Адам басқа аймаққа көшіп кетсе де  туған кезінен бастап жазылған деректер, қандай медициналық көмек алғаны, жедел жәрдем шақырғаны, емханаларда тексерілгені сақталып, барлығы бір электронды паспортпен жүргізіледі, – деді министр.  
   Баяндама соңында  Премьер-Министр бүгінде  қыруар жұмыстар жасалып жатқанына қарамастан медицина саласында әлі де кемшін тұстардың бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, дәрігерлердің алдындағы ұзын-сонар кезекті мүлде азайту керек екені айтылды. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігіне өңірлермен бірлесіп ұсынылған шараларды тиімді іске асыру тапсырылды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев медицина саласы бойынша атқарылған жұмыстар жайлы өңір басшыларынан есеп сұрады.  Облыс әкімі Амандық Баталов:  «Облыста 811 медициналық мекеме бар, оның 580-і алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Жылдың соңына дейін денсаулық сақтау ұйымдары желісінің нормативіне сәйкес, 24 дәрігерлік амбулатория, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы, 49 фельдшерлік-акушерлік және 13 медициналық пункт дәрігерлік амбулатория болып құрылады. Ағымдағы жылы жалпы құны 5,5 млрд. теңгеге 18 медициналық нысан салынады. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлінді. Оған 72 бірлік  медициналық техника сатып алынды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары эксперттік кластағы УДЗ аппараттарымен жабдықталуда.
   Медициналық техникамен жабдықталу 78,4 пайыздан 81,0 пайызға дейін жақсарды. Санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету 86,0 пайызды құрады. Облыс басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша жұмыс жасайтынын жеткізді.
   Үкімет мүшелерінің алдында халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және спорттық инфрақұрылымды дамыту туралы есеп берген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қойылған міндеттерді іске асыру жұмыстарының нәтижесінде 2017 жылы халықтың 28,7 пайызы спортпен қамтамасыз етілгендігін атап өтті. Келесі мәселе цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу жайында өрбіді. Бұл жөнінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жобаны енгізу арқылы халықтың басым бөлігі, оның ішінде аудандар мен қалалардан алыс елді мекендердің тұрғындарын жоғары деңгейдегі дыбыс және бейнебаянмен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, телеарнаның санын әжептәуір көбейтуге қол жеткізуге болатынын айтты. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, жыл басынан бері инфляция деңгейі 5-7 пайыз аралығында сақталып отыр. Тамызда инфляция 0,2 пайызды құраса, жылдың басынан бері 2,9 пайызға жетті. Жылдық инфляция 6 пайызды құрады.
   Селекторда өңірлерді дамытудың жоспарлары айтылды.  Жаңа жобалар халықтың әл-ауқатын жақсарту мен экономиканы нығайтуға бағытталмақ

Гүлжан ТҰРСЫН.