ТОКИО ПАРАЛИМПИАДАСЫНАН ТАҒЫ БІР ЖҮЛДЕ! ЖАРАЙСЫҢ, ӘНУАР!

Уақыты: 27.08.2021
Оқылды: 1756

Қуан, қазақ! Жапонияның бас шаһары Токиода өтіп жатқан паралимпиада ойындарынан тағы бір жүлде еншіледік. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Парадзюдодан 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әнуәр Сариев Токио паралимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Азия чемпионатының күміс жүлдегері алғашқы кездесуінде монғол балуаны Сухбаатарды атынан аударып тастаса, жартылай финалда венесуэллалық Бланконы екі «вазари» ұпайымен оп-оңай жеңді. Ал ақтық сында әзербайжандық Вугар Шырынлымен күресті.

Белдесу тартысқа толы болды. Екі спортшы да алғашқы минутта әбжіл әдіс қолданып, «вазари» ұпайын еншіледі. Өкінішке қарай, соңғы секундта әзербайжандық балуан жеңісті жұлып алды. Осылайша, қазақстандық парадзюдошы күміспен күптелді. Ал қола жүлдені түркиялық Режеп Чефчи және румыниялық Алекс Балога қанжығасына байлады.

Айта кетелік, бұған дейін тарихта қазақстандық спортшылар паралимпиада ойынында дзюдо спортынан жүлде алмаған еді. Бұл - дзюдодан алған алғашқы жүлдеміз.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы