КЕГЕН АУДАНЫНДА ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ БІРІГІП, ҰЛТТЫҚ АТ СПОРТЫН ДӘРІПТЕДІ

Уақыты: 22.10.2022
Оқылды: 2479

Республика күні қарсаңында Кеген ауданындағы Қарқара ауылы маңында ұлттық ат спорты түрлерінен халықаралық турнир өтті.

«Қырғыз-қазақ бір туған» демекші, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға арналған турнирге Қырғызстан Республикасы жағынан Ыстықкөл облысына қарасты Түп ауданынан, Қазақстан Республикасы жағынан Райымбек, Кеген аудандарынан 40 жастан асқан ардагер спортшылар қатысты.

Қазақты ат бәйгесіз, көкпарсыз көзге елестету қиын. Ұлттық құндылықтарымызды паш етуге негізделген игі шараны өткізуге ұйытқы болған Кеген ауданы әкімдігіне, аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығына алғысымыз шексіз.

Шараның салтанатты ашылуында Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, облыстық бұқаралық спорттық іс-шаралар орталығы директорының міндетін атқарушы Мерей Айнеков, Қырғызстан Республикасы құрама командасының жетекшісі Мұрат Жайсанбаев сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Кеген аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков ақ батасын арнады.

Осы күні Қарқараның қасиетті топырағында қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ секілді ұлттық ат спортты ойындары өрнектелді. Көкпардан өткен жарыста қырғыз бауырлар басым түсті. Олар алғашқы бәсекенің өзінде Қазақстан жағынан додаға түскен әріптестерін 4:0 есебімен жеңді.

Жарыс жеңімпаздары лайықты марапатталды. Бұл – Республика күні мерекесін айшықтаған спорт тойы, қуанышы, екі елдің мызғымас достығының белгісіндей ел жадына жылы ұялады.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы,

Алматы облысы