ШЕЛЕК АУЫЛЫНДА ЗАМАНБЕК НҰРҚАДІЛОВТІҢ ЕСІМІ ДӘРІПТЕЛДІ. АШЫҚ ТУРНИР

Уақыты: 31.10.2022
Оқылды: 1357

Шелек ауылында тұңғыш рет мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовты еске алуға арналған бокстан облыстық ашық турнир өтті. Аталған жарысқа 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер қатысты.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған шараның ашылу салтанатында Шелек ауылдық округі әкімінің орынбасары Мәди Бектасов, ардагер спортшы Мәлік Нәдірбекұлы сөз сөйлеп, қайраткердің елі үшін сіңірген еңбектерін паш етті.

Заманбек Қалабайұлы - Алматы облысының перзенті. Қазақ политехникалық институтының түлегі. Алғашқы еңбек жолын инженер-құрылысшы болып бастаған. Оңтүстік астанадағы сәулетті ғимараттардың бой көтеруіне өз үлесін қосқан. Білікті кадр мемлекет назарынан тыс қалмады. Ары қарай оның өрлеу жолы басталды.

Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы, Алматы қаласының әкімі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Алматы облысының әкімі, ҚР Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарды. Өтпелі кезеңде бойын жаңадан тіктеген қазақ қоғамының шаңырағын көтеруге атсалысқан айтулы тұлға болды. Ер еңбегін елі ұмытқан жоқ.

Үш күн бойы Мәдениет үйінде былғары қолғап шеберлері өз өнерлерін көрсетті. Олардың жеңіске деген жігері көрермендерді тәнті етті. Турнирде 14 салмақ дәрежесі бойынша 100-ден астам спортшы бақ сынады.

Жарыстың демеушісі болған белгілі кәсіпкерлер, Заманбек Нұрқаділовтің туысы Тоқан және Ләззат Ботабековтер турнирді ұйымдастырғандарға ризашылығын білдірді. Жеңімпаздарға сый-сияпат көрсетті. Ең бастысы, бұл шара өткеннің өнегесін жастардың есіне салды.

Болат МӘЖИТ

Шелек ауылы,

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы