ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ЖЕҢІЛІСПЕН БАСТАДЫ

Уақыты: 26.03.2023
Оқылды: 876

Қазақстан EURO-2024 турниріне іріктеу аясында Астанада Словения құрамасын қабылдап, 1:2 есебімен ұтылды. Ұлттық құрама жалпы өткізген 229 ресми ойынның 120-сында жеңіліп отыр. Ал 20 ойында 1-ші болып есеп ашып, артынша жеңілді.

Әлемге белгілі қақпашы Ян Облак бастаған Словения құрамасы ойын басында-ақ фаворит болған. Соған сай матч барысында да допқа көп иелік етті. Игорь Щацкий қорғаған қақпаға 15 соққы жасады (6 тура соққы). Ал Щацкий төрт қауіпті соққыны алып шығып, матч барысында Облактан көп сейв істеді. 
Әуелі Қазақстан құрамасы есеп ашып, «Астана аренаға» жиналған 27 122 жанкүйерді қуантты. Ян Вороговскийдің пасынан Максим Самородов баспен гол салып, 1-таймды сәтті түйіндеген. Жалпы, Самородов ел чемпионатында «Ақтөбе» сапында 3 турда    4 гол салып, мергендер көшін бастап тұр. Ал Словенияға салғаны – ұлттық құрама сапындағы алғашқы голы. 
2-таймда қонақтардың басымдығы айқын сезілді. Давид Брекало мен Зан Випотниктің салған голдары Словенияны іріктеудегі алғашқы жеңіске жеткізді. 
Ойын соңында журналистерге берген сұхбатында Максим Самородов алаңда ине шаншар жер қалдырмаған жанкүйерлердің қолдауына рақмет айтып, қолдан келгенше бәрін жасайтынын жеткізді. 
Қазақстан құрамасы енді 26 наурызда Астанада Данияны қабылдайды. Словенияға қарсы ойында алаңға шығатындар тізіміне енбеген жетісулық Айбар Жақсылықовты осы матчтан көріп қалатын шығармыз.

Серік ҚАНТАЙ