Ерасыл Бегалиев «Қаратал бөрісі – 2023» атанды

Уақыты: 28.04.2023
Оқылды: 1302

Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында қазақ күресінен «Қаратал бөрісі – 2023» жарысы өтті. Додаға 7 елді мекеннің балуандары қатысып, бақ сынады.

Турнирде қазақ күресі десе жанын беретін жанкүйерлер сынға түскен балуандарды қызу қолдап отырды. Жауырыны жерге тимеген апайтөс балуандар әуелі жеребе тартып, қарсыластарын анықтады. Сен тұр мен атайын дейтін кіл мықтылар екі топқа бөлініп, күресті бастап кетті. Қазақы дәстүрге сай киінген, иықтарына қасқыр терісін асынған балуандар қос қапталдан бозкілемге бет алған сайын қиқу үдей түсті. Жауырынын жерге тигізгісі келмеген балуандардың сайысы тартысқа толы болды.

Білек күші мен әбжіл әдіс арқылы қарсыластарын қоғадай жапырған Ерасыл Бегалиев «Қаратал бөрісі – 2023» атанды. ІІ орынды Дидар Жұматаев, ІІІ орынды Қазбек Оспанов иеленді.

А. НАЗАРҰЛЫ
Қаратал ауданы