«ЖЕТІСУ» ЖАЗҒАН ЖАМПОЗДАР

Уақыты: 18.06.2023
Оқылды: 725

Жетісу – әлемдік деңгейде танылған таланттардың мекені. Оларды халық алақанына салып аялап, төбесіне көтеріп мақтанып жүреді. Осы ретте «Jetysý» газеті өз өңірінен шыққан өрендерді назардан тыс қалдырмай, жетістікке жету жолын жазып, аламанда атой салғандарды жарқырата көрсетіп келеді. Спорттағы шың – төрткүл дүние бас қосатын Олимп ойындары. Біз өз кезегімізде әр жылдары газет бетіне жарық көрген Олимпиададағы жетісулық спортшылардың елеулі жеңісіне шолу жасамақпыз.

Әр Олимпиаданың жөні бөлек, тарихы терең. Қанша талантты спортшыларымыз жаһан жарысында қара үзіп шықты, әдіс-тәсілімен дараланды. Олимпиадаға қатысқан да, жүлде алған да тұңғыш қазақ Ғұсман Қосановтан (1960 жыл, Рим; жүгіруден эстафеталық жарыста күміс алды) бастап бүгінге дейін талай қазақтың баласы Олимп төрінде ел намысын абыроймен қорғады. Ел тарихы үшін елеулі болған даталарды «Jetysý» газеті қалт жіберген емес. Мәселен, 1972 жылы Мюнхенде болған ойындарда баскетболдан СССР құрамасында ойнаған Әлжан Жармұхамедов – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болды. Дәл осы сәтте газетіміз ұйымдастыру комитетінің қатысушыларға арналған арнайы хабарламасынан бастап, әр сәттен хабар беріп, жабылу кешін де кеңінен жазған. Совет Шиманбаевтың талдау материалдары үзілмеген.

Одан кейінгі елеулі оқиға – 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Серік Қонақбаевтың жұлдызды сәтін газет айрықша берген. Олимпиада басталмас бұрын қатысатын 8 қазақстандық спортшыға ақ жол тілеп, суреттерімен орналастырған. Өтеген Оралбаевтың «Желбірейді жалаулар» атты рухты өлеңі, қосымша қазақ даласындағы шопан, ғалымның спортшыларға деген пікірі жарияланған. Тұғырдағы тарландар жөнінде Орал Қаймирасов «Шәміл ерледі» деп сүйіншілесе, Жақсылық Үшкемпіров жөнінде Т. Мәденов «Алтын кілт» ұстаған азамат» тақырыбында очерк жазған. Осындай келелі жазбалар газетіміздің бетінен еліміз егемендік алып, Олимпиадаға Тәуелсіз мемлекет есебінде қатысқаннан кейін де үзілген жоқ. 1996 жыл.  Атланта Олимпиадасы. «Jetysý» газеті Мәулен Мамыровтың әр жаттығуын жіті бақылауда ұстайды. Олимпиадаға барар тұста халықтың үмітін арқалап бара жатқанын баса айтады. Еркін күрестен 52 келіде күрескен Мәулен 3-орын үшін белдескенде ресейдің атынан шыққан Чечен-оол Монгушты жеңіп, мойынына қола медаль таққан сәтте де жерлестерінен сүйінші сұраған «Jetysý» газеті.

Қазақтар атой салған сын – Сидней олимпиадасы (2000 жыл). Газет «Сидней төрі табысты болғай!» деген тілекпен бір бетті толық арнайды. Одан кейінгі жаңалықтар ел ішіне тек қуанышпен өріліп отырды. Өмірзақ Жолымбетов, Болат Қабдешұлы жазған жазбалардан жеңіске толы қуаныштың лебі еседі. Ал газетіміздің сол кездегі меншікті тілшісі С. Шәріповтің «Өкінішке ұласқан қуаныш» атты мақаласы ерекше назар аудартты. Дзюдодан қола медаль алған алакөлдік Айдын Сұмағұловтың бұл жетістігі жөнінде автор «Өкініштісі... Айдын байрақты бәйгеге Қазақ елінің атынан емес, Қырғызстаннан түсті. Осы орайда еліміздің жаттықтырушылары Қазақстан байрағын биікке көтеретін белді балуандарды неге дұрыс таңдамайды деген өкініш өзекті өртейді. Осыдан біраз жыл бұрын  алакөлдік балуан Сержан Омаров республика құрамасына кіре алмай, дүниежүзілік додада түркімен елінің намысын қорғап, қоладан алқа тағып еді» дейді.

Одан кейін 2004 жылы Афины Олимпиадасы болды. Жетісудан 7 спортшы қатысты. Газет ұжымы әрқайсысына тоқталып, қарсыластарын айтып, шағын таныстыру мақаласын ұйымдастырды. Ал дода қарсаңында газет бетіне Болат Қабдешұлы «Ауыр атлетикадан үміттеріміз. Үштөбелік штангашы Сергей Филимоновқа ел-жұрты үлкен сенім артып отыр» деген талдау материалында жетісулықтың күш-қайратын бағамдап, серпе және жұлқа көтерудегі шеберлігін ашып жазады. Артынша ел үмітін ақтап күміс медаль алған Филимонов жөнінде Қараша Қараман «Сенім артқан Сергей, Жігіт жоқ-ау сендей» деген тақырыппен тебіреніске толы жазба ұсынады.  

Көптің есінде қалып, айрықша өткен Олимпиадалардың бірі –Қытай астанасы Бейжіңде 2008 жылы болған жарыс. Әдеттегідей Олимпиада алдында спортшылар жөнінде көптеген мақалалар жазылып, олардың шеберлігі сараланады. «Жетісудың олимпиадалық үміті» деген айдармен жазылған материалда Нұрбақыт Теңізбаев турасында сөз болады. Спортшының «Еншімді алуға тырысамын. Биыл бабым да жақсы, өзіме деген сенімімде де селкеу жоқ» деп айтқанын газет бетінен көруге болады. Нұрбақыт жүлделі болған сәтте «Жаркенттен түлеген тастүлек» тақырыбымен арнайы материал әзірленіп, онда әкесі мен жақындарынан да пікір беріледі. Сол бетте ерекше көзге түскен сұхбат дзюдодан күміс медаль алған жетісулық Асхат Жіткеевтің әке-шешесімен болған сұхбат.

Лондон Олимпиадасы. «Желбіресін кәрі құрлық төрінде, Қазағымның қыран құсты байрағы». 2012 жылы «Jetysý» газетінің дода алдындағы тілегі. Өңірімізден Олимпиадаға 5 ұл, 5 қыз қатысты. Жарыс алдында Ришад Тұрғанбай «Үкілеген үш қыз» деген тақырыппен Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло үшеуі жөнінде талдау жазды. Онда үшеуінің басты қарсыластарын атап, үш қыз қай тұста олардан басым екенін көрсетеді. Одан кейінгі газеттерден «Шаттықтың мөлдір тамшысы. Осы біздің Зүлфия», «Елімнің үшінші алтыны. Оны қоржынға Майя Манеза салды» деген сүйінші хабарларды көруге болады.  Ал жалпы Олимпиаданы қорытындалып, алтын алғандар жөнінде, қазақ спортшыларының жетістігі турасында «Jetysý» газеті тарихта «Жетісу-Спорт» деген төрт беттік ішкі газет болып шықты. Бұл да бір тарих! Ал 2016 жылы Риода болған Олимпиададан сол жерден арнайы «Jetysý» газеті үшін Несіп Жүнісбайұлы қызмет істеді. Газетке тұрақты материалдар берді.

Токиода өткен Олимпиаданың алтынсыз аяқталғаны әлі де еске түссе еңсе түседі. Бұл жарыстың алдында жетісулықтардың басты үміті Игор Сон мен Зүлфия Чиншанло еді. Екеуі де үмітті ақтады. Бұл турасында Олимпиада қарсаңында Айдар Қалиев матариал жазып, Үштөбедегі ауыр атлетика мектебінің қуатын көрсеткен. Айыптаулар мен шектеулерден кейінгі Чиншанлоның спорттық дайындығын жазған.

Аламан алдында шеберлігімен дайындығына, ақылымен айласына қарап бір-біріне бәс айтып, үлкен үміт арту қазақтың қанында бар. Олимпиада алдында «Жетісу» газеті тұрақты түрде өз өрендері жөнінде жазбалар жазып, оның жаттығуын қадағалап, әр ісін халыққа жеткізіп отырды. Бұл үрдіс әлі де жалғаса бермек. Осыған дейін олжалы болғандардың бастау бұлағы болған газет әлі талай жампоздың жарыстан жүлделі оралуына тілекші болмақ.

Серік ҚАНТАЙ
Сурет ғаламтордан алынды