Мықтылар Ханчжоға аттанды

Уақыты: 23.09.2023
Оқылды: 709

Спортшыларымыздың тағы бір сыналар сәті келді. Қытайдың Ханчжоу қаласында XIX жазғы Азия ойындарының жалауы  23 қыркүйекте желбірейді. Бұл додаға облысымыздан Ұлттық құрама сапында 36 спортшы аттанды. Сайыс 40 спорт түрі бойынша болады. Бұл бәсекеде 9 спорт түрінен қатысатын жетісулықтар жүлдеден үмітті.

Әдетте төрт жылда бір өтетін жарыс биыл 2018 жылы Джакартадағы  (Инодонезия) ойындардан кейін араға бес жыл салып болмақ. Былтыр өтуі тиіс жарыс індетке байланысты кейінге шегерілген еді. Осының алдындағы Джакарта ойындарына (2018 жыл) елімізден 440 спортшы барса, биыл 524 атлет қатысады. Айта кетейік, Қазақстан 1994 жылдан бері Азия ойындарына тұрақты қатысып келеді (8 ойын). Биылғы ойындарға киберспорт пен брейк-данс қосылды.

Джакарта мен Палембангта (2018) өткен Азия ойындарында Ұлттық құрама жалпы 15 алтын, 17 күміс, 44 қола медаль алды (барлығы 76 медаль). Жетісулықтар Ділдаш Құрышбаева алтын, Нұрмахан Тінәлиев күміс, регби құрамасының сапында болған Ева Беккер, Карина Проскурина, Олеся Теряева, Влад Одналеток қола медальға ие болған еді. Сол додада садақ атудан қатысқан жетісулық Ильфат Абдуллин жекелей сында 3-орынға таласып, индонезиялық Риау Эга Агатадан 2:6 есебімен жеңілді. Биылғы жарысқа аттанғандар тізіміне енген Ильфат сол қателіктен сабақ алғанын, дайындық жоспар бойынша жүргеніне тоқталып, Азия ойындарынан жүлде алу үшін бара жатқанын айтты.

Жарысқа аттанған жетісулықтарға тоқталсақ. Ауыр ателтикадан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Карина Горичева (64 келі) бара жатыр. Көктемде Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында өткен Азия чемпионатында Горичева 192 келі (91+101) көтеріп, үшінші орын алған еді. Одан бөлек жастар арасында велоспорттан әлем чемпионы болған Евгений Федоров бар. Жалпы велоспорттан Федоровтан бөлек Денис Сергиенко (Маунтинбайк), Өсім Ақпейіл, Виолетта Казакова да қатысады. Жүлдеге үмітті жандардың бірі ядро лақтырудан биыл жазда Азия чемпионатының қола медалін алған – Иван Иванов. Садақ атудан Ильфат Абдуллин бастаған Санжар Мұсаев, Дәулеткелді Жаңбырбай, Сұлтан Дүзелбаев, Адель Жексенбинова, Эльмира Раисова, Медина Мұрат сынды үздік жетісулықтардан жасақталған құрама бар. Дзюдодан ұлттық құрамада өз салмағында үздік талдықорғандық Камила Берліқаш (+78 келі)  та қатарда. Жеңіл атлетикадан ел чемпионы Ақбаян Нұрмәмет  (800м, 1500м) пен жүзуден Қазақстанның үздіктерінің бірі Мария Федотова  Азия ойындарына алғаш рет қатысады. Сондай-ақ, құзға өрмелеу бойынша халыққа таныс Маргарита Ағамбаева да сары құрлық бәсекесінде бақ сынап көреді. Джакартадағы регби құрамасының жетістігін қайталап қана қоймай, үздік нәтиже көрсету үшін Әмина Төлегенова мен Екатерина Савина Қазақстанның намысын қорғайды. Ал ел намысын қорғайтын көгалдағы хоккей құрамасы түгелдей жетісулықтардан жасақталған. Атап айтсақ, Алина Биссирова, Балжан Бейсенбай, Виктория Лобанова, Ділназ Хайрушева, Виктория Ляпина, Элвира Өтегенова, Алена Кряжева, Сабина Берденова, Гүлсина Ізбасарова, Наталья Сазонтова, Гүзал Бахаваддин, Еркежан Сүлеймен, Ділназ Нығметжанова және Хауа Ескендір бар. Көгалдағы хоккейден қыздар құрамасы Джакартадағы ойындарда «В» тобында ойнап, топтан шыға алмаған еді. Волейболдан ерлер құрамасына шақырту алған «Жетісу-Жастар» командасының 23 жастағы ойыншысы талдықорғандық Илья Таволжанский де өз құрамасына көмек береді деген ойдамыз. Ерлер құрамасы кейінгі Азия ойындарында 20 құраманың ішінде 17-орын алған еді. Ал әйелдер құрамасы ол кезде 5-орынға тұрақтаған. «Жетісу» волейбол клубының лидерлері Татьяна Никитина мен Валерия Чумак нәтижені жақсартуға тырысады. Осыдан екі апта бұрын Тайландта аяқталған Азия чемпионатында қыздарымыз 5-орын алды.

Еркін күрестен Азия ойындарында алғашқы әрі әзірге жалғыз алтынның иесі Мәулен Мамыров та өзінен кейін алтын ұлдың көш бастағанын қалайды. Күрес, бокс спорты бойынша ұлттық құрама сапын толықтырып жүретін жетісулықтардан бүгінде ешкім қалмаған. Енді бой көрсетіп келе жатқан жастарымыз келешекте аға жолын жалғастырып, жетістігін еселей түседі деген ойдамыз.

Азияданың түп тамыры 1913 жылы Манилда өткен Қиыр Шығыс чемпионатынан бастау алады. Биыл Азия ойындарына – 110 жыл! Осы бір айтулы кезеңде ел құрамасындағы спортшылар олжалы оралса деген тілек бар.

Серік Қантай