«ЖЕТІСУҒА» ТЫҚЫР ТАЯНДЫ

Уақыты: 08.10.2023
Оқылды: 725

«Жетісу» футбол клубы биылғы Премьер-лигадағы Талдықорғанда өтетін ойындарын толық аяқтады. Жергілікті жанкүйерлердің алдында ойыншыларымыз 11 ойын өткізіп (1-2 турды Алматыда өткізді), 2 кездесуді жеңіп, 3 матчта тең түсіп, 6 ойында жеңілді. Өз алаңымызда  10 гол салып, 21 гол жібердік. Бұл биылғы ел біріншілігіндегі командалардың ішінде өз алаңындағы ойындардың нәтижесі бойынша ең нашар көрсеткіш.

Ел чемпионаты аяқталар тұс жақын. Кезекті біріншіліктің аяқталуына үш тур қалғанда «Ордабасы» (Шымкент) Талдықорғандағы Орталық алаңда «Жетісудан» 2:1 есебімен басым түсті. Бұл шымкенттіктердің чемпиондыққа деген нық қадамы еді. Келесі ойында тең түссе болғаны, өз тарихында тұңғыш рет чемпиондық атаққа ие болады. Егер оңтүстіктің командасы жеңіске жетсе, «Ордабасы» сапындағы жетісулық Айбар Жақсылықов екінші рет ел чемпионы атанады. Осыған дейін «Тобыл» сапында 2021 жылы топ жарған еді. «Жетісумен» болған ойында голдарды тек екінші таймда көрдік. «Ордабасыдан» украиналық Артем Беседин  (55 минут) мен Темірлан Ерланов (64 минут) көзге түссе, алаң иелерінен Ілияс Әмірсейітов 79 минутта гол салды.

Ресми түрде биыл Премьер-лигамен қош айтысқан екі команда белгілі. Олар «Каспий» (Ақтау) мен «Ақсу» (Павлодар). Ал қатардан шығып қалатын үшінші команда белгісіз және оны тап басып айту қиын. Бұл тізімге «Шахтер» (Қарағанды), «Жетісу», «Оқжетпес» (Көкшетау) және «Мақтааралды» (Оңтүстік Қазақстан облысы) қосуға болады. Алдағы екі тур «Жетісу» үшін қиын. Олар сырт алаңда «Ақтөбе» және «Астанамен» ойнайды. Ал «Шахтердің» де кестесі күрделі. Чемпиондыққа дәмелі «Астана» және бір қадам жасаса жеңісті тойлауға әзір «Ордабасымен» кездеседі. Жетісулықтар мен кеншілердің дәл қазіргі жалпы ұпайы бірдей (28 ұпай). Ал 25 ұпаймен екеуін өкшелеп келе жатқан «Оқжетпес» «Ақтөбемен» ойнайды, соңғы турда «Мақтааралмен» кездеседі. «Мақтаарал» болса 24 ұпаймен келе жатыр және «Тобылмен» болатын қосалқы бір ойыны (17 турдың матчы) бар. Одан бөлек, «Қызыл-Жармен» кездеседі. Ел чемпионатынан шығып қалатын үшінші команда соңғы турға дейін белгісіз болатындай. Бұл тұрғыда «Жетісудың» да бел буып кірісетін сәті келді. Соңғы қадам қалай болмақ?

Серік ҚАНТАЙ