АЗИЯДА: 10 АЛТЫНМЕН ОНДЫҚҚА ІЛІКПЕДІК

Уақыты: 09.10.2023
Оқылды: 891

Қытайдың Ханжчоу қаласында ХІХ Азия ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы 80 медальмен (10 алтын, 22 күміс, 48 қола) жалпы кестеде 11-орын алды. Бұл осыған дейінгі жарыстармен салыстарғанда өте нашар көрсеткіш. Жанкештілігмен ел есінде қалған, көп күткен үдеден шыға алмаған да спортшыларымыз бар.

Жетісудан аттанған 36 спортшы 9 спорт түрінен сынға түсті. Тек тұғырға көтіріліп, жүлде алғаны жалғыз. Ол – Евгений Федоров (210 шақырым, топтық жарыста алтын алды). Ал жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінгендер бар. Бұл қатарға екінші Азия ойындарында қола медальдан қағылған садақ атудан ел құрамасының көшбасшысы Ильфат Абдуллинді, одан бөлек дзюдодан елімізде өз салмағының үздігі болған Камила Берліқашты, ауыр атлетикадағы жұбанышымыз саналған Карина Горичеваны қосамыз. Осының алдындағы Азия ойындарына (Жакарта, 2018) барған жетісулықтардан Ділдаш Құрышбаева (самбо) мен Нұрмахан Тіналиев (грек-римкүресі) алтын алып, регбиден ел құрамасының қатарында болған Ева Беккер, Карина Проскурина, Олеся Теряева, Влад Одналеток қола медальға ие болған еді.

Биылғы Азия ойындарына елімізден барған спортшылар саны – 527. Бұл осыған дейінгі Азиадаға елімізден барған спортшылар санынан өте көп. Мәселен, 2018 жылы Жакартаға 440 спортшы (15 алтын, 18 күміс, 43 қола), 2014 жылы Инчхонға 415 спортшы (28 алтын, 23 күміс, 33 қола), 2010 жылы Гуанчжоуға 365 спортшы (18 алтын, 23 күміс, 38 қола) қатысты.

Еркін күрестен Азия ойындарында тұңғыш әзірге жалғыз алтынды алған Мәулен Мамыровтың (1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында 52 келіде күресті) ізбасарлары Әлем чемпионатында алғашқы алтынды алып қуантып еді, Азия ойындарында 6 салмақтан да жүлде алмады. Әр салмақтан алтын алмаса да күміспен қоланы уыстап алатын балуандарымыздың бұл додадағы аяқ алысы сәтсіз аяқталды. Ал командалық жарыста елді қуантып Елжан Таниева, Эрика Жайлауова мен Милана Парфилова көркем гимнастикадан күміс медальді (4 жаттығуда 317.000 ұпай жинады), Динара Сәдуақасова, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова, Бибісара Асаубаева және Жансая Әбдімәлік бастаған шахматтан ел құрамасы Азия ойындарында тұңғыш рет жүлде алды.

Жалпы нәтиже көңілдегідей болмағаны анық. Алтынсыз қайтақ Тоио Олимпиадасын да басталған осы бір сәтсіздіктің кезекті сериясындай болғаны жасырын емес. Келесі Азия ойындары 2026 жылы Жапонияның Нагоя қаласында өтеді. 

Серік Қантай
Фото: ашық дереккөзден