МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ДОП ТЕПТІ

Уақыты: 23.10.2023
Оқылды: 590

Талдықорғанда «Түнгі лига» турнирінің шымылдығы түрілді. Мемлекеттік қызметкерлер футбол ойнап, жүлделі орындарды сарапқа салды. Аталған шара Республика күніне орай ұйымдастырылды.

Доданың ашылу салтанатында «Түнгі лига» федерациясының президенті Бағдат Ақылбеков сөз алып, бұл шағын футболдың мән-мазмұнын түсіндірді. Спортшыларға сәттілік тіледі.

Облыс әкімі аппараты, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мұрындық болуымен өткен додаға 4 команда, 50-ге жуық мемлекеттік қызметкер қатысты. Олар ынтымақтаса доп теуіп, достық туын желбіретті.

Жарыс жүйесі бойынша 4 команда бір-бірімен ойнап шықты, жеңімпаздар ұпай санына сәйкес анықталды. Доп додасы тартысты өтті. Әр ойыншы барын сала өнер көрсетті. Көрермендерді тәнті еткен бұл шара жүйелі түрде ұйымдастырыла бермек.

Жарыстың қорытындысы бойынша I орынды облыстық прокуратура командасы жеңіп алды. II орынды Талдықорған қаласы әкімдігінің құрамасы еншіледі. III орынды арнайы есеп және статистика департаментінің қызметкерлері иемденді.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Мақтау қағазы, медаль, кубок, бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар Еркебұлан Сүлейменов, Алишер Аешев,

Ермек Асқаров, Бағлан Алтынбеков, Ілияс Сағымбеков, Еділ Биқұлов марапатталды.

Айта кетейік, облыстағы «Түнгі лига» федерациясы осыдан 10 жыл бұрын құрылған болатын. Бүгінде елімізде аталып өтетін айтулы мерекелер аясында түрлі спорттық шараларды ұйымдастырып келеді. Облыстағы мемлекеттік мекермелердің қызметкерлерімен бірлесіп салауатты өмір салтын насихаттауға ат салысуда.

Медет ЖҰМАБАЙ