МАРАФОН: ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕГЕ АРНАЛДЫ

Уақыты: 23.10.2023
Оқылды: 632

Облысымыздағы 8 ауданмен 2 қалада бір уақытта Республика күніне орай марафон ұйымдастырылды. Жүгіргуе ынталы қатысушылардың санына шек қойылмады. Ал жүзден жүйірік келген жеңімпаздармен мәре сызығын кесіп өткен барша қатысушыға арнайы марапат пен сый-сияпат берілді.

Талдықорғандағы марафон «Жастар» спорт сарайының жанынан басталып,  қала шетіндегі Қаратал өзенінің оң жағалауында аяқталды. Оған 500-ден астам қала тұрғыны қатысты. Шараның ашылуына облыстық дене-шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл, «AMANAT» партиясының өңірдегі филиалының төрағасы Арын Арыстанғали қатысты.

«Бүгінгі шара – облысымызда бұқаралық спорттың кеңінен қанат жайып келе жатқандығын көрсетті. Қала тұрғындары арасында әлі талай жарыс ұйымдастырып, салауатты өмір салтын бірге насихаттаймыз. Дені сау ұрпақ – ұлт келешегі. Бүгінгі Республика күніне арналған марафонға атсалысқан барша жұртқа алғыс білдіремін», – деді өз сөзінде Ұлан Ғалымұлы.

Марафонға қатысушылар ішіндегі ең жасы – 8 жастағы Шаншархан Баталғазы, жасы үлкені 69 жастағы Михаил Шевченко болды. Сөреден сәтті бастаған Бексұлтан Бейсебаев (14-17 жас), Мадияр Орманғали (18-34 жас),  Нұрқанат Қазыбай (35-49 жас), Мақсат Қабдолдаев (50-59 жас), Юра Пашенко (60 жастан жоғары) мәреге бірінші жетіп, ел құрметіне бөленді. Қыздарымыз да қалысқан жоқ. Жансая Күнболатқызы (14-17 жас), Екатерина Удовыкина (18-34 жас), Екатерина Сысоева (35-49 жас), Гүлнар Таубайқызы (50-59 жас), Тұрлыхан Карипова (60 жастан жоғары) өз жастары бойынша жеңімпаз атанды.

Облысымыздың әр өңірінде бір мезетте болған шара – жоғарғы деңгейде өтті. Оған әлеуметтік желідегі белсенділердің фото-видеосы айғақ. Соның бірі Ескелді ауданындағы марафон. Қарабұлақтағы «Балдәурен» балабақшасының қасынан басталған жүгіруге 150 адам қатысты. Марғұлан Мелдібек (14-20 жас), Бақберген Өмірзақ (21-40 жас), Саят Балабатыр (41-60 жас)  жеңімпаз атанып, ақшалай сыйлықпен арнайы қағазға ие болды. 

Жалпы іс-шараны қадағалан облыстық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығы болса, соның басшысы Рүстем Қалиев:

«Алдағы уақытта талай марафон болады. Жалпы өңіріміздегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында көптеген іс-шара жоспарланған. Бұл халқымыздың жаппай спортпен айналысып, дені сау болып жүруіне бағытталған», – дейді.   

Серік Қантай