Несіп Жүнісбайұлы: "Мен қарсымын"

Уақыты: 20.02.2024
Оқылды: 417

Бүгінде Қазақстанда Үкімет ауысқаны жөніндегі әңгіме гу-гу талқыланып жатса, сонымен қатар, «ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетіне Геннадий Головкин басшы боп келеді екен» деген алыпқашпа сөз Астанадағы қарлы борандай ұлып тұр. Бұл әңгімені кімнің таратқанын білмеймін, егер рас болса, МЕН ОҒАН ҚАРСЫМЫН!!!

Головкиннің спорттағы табыстарын бір адамдай-ақ білемін. Оның сонау 2004 жылы Афины Олимпиадасының финалында шайқасқанын түбінде отырып көргенмін, одан бөлек, АҚШ-та небір керемет жекпе-жектер өткізгенде ҮШ РЕТ өз қаржыммен ұшып барып, сол жерден елге репортаж жүргізгенмін! Бұл — менің Геннадийді ғаламат спортшы деп тануымның белгісі.

ҰМЫТПАУЫМЫЗ КЕРЕК: Ел Ұлттық Олимпиадалық комитетіне басшы сайлау аса жауапты МЕМЛЕКЕТТІК шаруа. Әрине, ол- қоғамдық ұйым, бірақ біздің елде биліктің араласпайтын жері жоқ. Егер дәл солай боп жатпаса, Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық құрамасын әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін жарыстарға бастап баратын жанды мың ойланып, бір-ақ шешу керек. Рас, соңғы жылдарға дейін Головкин кәсіпқой рингте жарқылдап көрінді. Біз сол жарқылға алданып отырмыз. Ал осыдан көп жылдар бұрын одан да асқан жарқылды керемет балуан Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ көрсетіп еді ғой! Головкин бір Олимпиаданың күміс жүлдегері болса, Дәулет екі Олимпиаданың жүлдегері, үшінші Олимпиадада төртінші орын алған саңлақ емес пе?! Бүгінгі әлемдік күрес өнерінде Дәулетті құдайдай сыйлайтын жан жетерлік. Өзі Парламент депутаты. Одан лайықты кім бар?

Мен ешкімнің ұлтына тиіскелі отырған жоқпын. Мысалы, Дәулетті алмасақ, Сидней Олимпиадасында алмастай жарқыраған Ислам БАЙРАМУКОВТЫ таңдайық! Үлкен азамат, ұлтымыздың тілінде таза сөйлеп, елдегі небір маңызды істердің ортасында жүрген қайраткер жігіт!

Боксшы керек болса, Лондон Олимпиадасының алтынын мойнына тағып, оған қоса Вэл Баркер Кубогын ала келген Серік СӘПИЕВ отыр ғой сол комитеттің жауапты жұмысында. Осындай таңдаулар тұрғанда сонау Америкаға қоныс аударып алған, елге алыстан қол бұлғап қана жүрген Головкинді шақырғанымызға жол болсын. «Біреу біреудің малын ысқырып жүріп іздейдінің» кері келіп жүрмесін әлі. Генаның қол бастауға деген тәжрибесі де жоқ қой. Ал ҰОК ұжым басқаратын жанға таланттың керегі жоқ деп кім айтты?!

Мен осы ҰОК-тін сонау 1992 жылы құрысып, соның тұңғыш АТҚАРУ КОМИТЕТІНЕ тұңғыш мүше болғандардың бірімін. Бұл ұйымның отымен кіріп, күлімен шықтым десем болар. Сондықтан да бұл ұйымда қалайша бағалау керегін, мұндай мемлекеттік маңызы бар істе асығыстық болмауы керектігін түсіне отырып, түн жамылып жазып отырмын бұл жазбамды.

Мен Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы болып, Геннадий Головкиннің келуіне ҚАРСЫМЫН!!! Мұны көпшілік болып ел ПРЕЗИДЕНТІНЕ жеткізіп, елдік шешім шығаруға көмек сұрау керек деп есептеймін!!!

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
Спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері
 

Редакциядан: автордан ұсынылған материал сайт көзқарасын білдірмейді.