Волейболдан ел чемпионатының плей-офф сатысына шыққандар анықталды

Уақыты: 27.02.2024
Оқылды: 342

Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының төртінші туры барысында плей-офф сатысына жолдама алғандар анықталды.

Осыған дейін жеті команда өз міндетін шешіп қойған еді.

Соңғы, сегізінші жолдамаға «Алтай» (Өскемен) мен «Айқаракөз» (Талдықорған) клубтары таласты.

Негізінен жастардан құралған «Алтай» талдықорғандықтарды 3:1 (25:18, 23:25, 25:18, 25:22) есебімен ұтып, 10 ұпаймен 8-сатыға орнықты. 

Көш соңында қалған «Айқаракөздің» есебінде 5-ақ қана ұпай бар. 

«Ертісті» 3:0 (25:18, 25:19, 25:16) есебімен жеңген «Қуаныш» (СҚО) турнир кестесінде 60 ұпаймен жеке-дара көш бастап келеді.

«Қарағандыны» 3:0 (25:14, 25:17, 25:12) есебімен қапы қалдырған «Берел» (Өскемен) 53 ұпаймен екінші орында. 

«Алматыны» 3:0 (25:13, 25:14, 25:13) есебімен ойсырата ұтқан «Тұран» (Түркістан) 52 ұпаймен үздік үштікте. 

27 ақпан, сейсенбі күнгі соңғы ойындарда плей-офф кезеңіне шыққан командалардың кімдермен кездесетіні толық белгілі болады.

Фото: Pixabay