Бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері ауысты

Уақыты: 02.04.2024
Оқылды: 273

Әйелдер боксынан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ауысты. Енді бұрымды боксшыларымызды алдағы уақытта Елдос Сайдалин баптамақ.

ҚР Бокс федерациясы мәлім еткендей, Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері болып Сайдалин Елдос Жәнібекұлы тағайындалды.

Оның бапкерлік өтілі 16 жылдан астам. Қарағанды облысы балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінде жаттықтырушы болған.

2020 жылдан бері әйелдер боксынан Қазақстан жастар және жасөспірімдер құрамаларының аға бапкері.

Оның жетекшілігімен 2021 жылғы Әлем чемпионатында қыздарымыз 2 күміс, 3 қола медаль еншілеген.

2022 жылы Әлем чемпионатында жастар құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Ал 2023 жылы Астанада өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан қыздары ел қоржынына 8 алтын, 4 күміс және 9 қола медаль салды. Сондай-ақ, былтыр Арменияда өткен жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік додада 3 алтын, 5 қола медаль жеңіп алды.

Ал осыған дейін Қазақстан қыздар бокс құрамасының бас бапкері болған Шамиль Сафиуллин қызметінен кетті.

Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет