БАЛУАН ҚЫЗДАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

Уақыты: 15.04.2019
Оқылды: 1386

Ұлыстың ұлы күнін тұздыбастаулық тұрғындар ел есінде қаларлықтай ерекше атап өтті. Ел-жұртты арқа-жарқа еткен дүбірлі мерекеде көңіл көтерер концерттік бағдарламалармен қатар спорттық жарыстар да ұйымдастырылды. Бәсекелі жарыс басталмас бұрын ойын алаңына ертемен келген бүлдіршіннің іс-қимылы назарымызды бірден аударды.

Алғашқыда ұл бала шығар деген ойымды спортшының кішкене ғана бұрымды шашы өзгертті. Қарсыластарының ұлдар болғанына қарамастан алып та, шалып та жығып, қашқақтағанын қайта қайырып кеп, қазақша күрестің айла-әдісімен жамбасын жер иіскетіп жатқан іс-қимылынан қайтпайтын қайсарлығымен қоса, өжеттігі, еңбекқорлығы байқалды. Қызықтап ұзақ тұрдым. Кішкентай спортшыны баптап, жарыс алаңында жетектеп жүретін анасы Динара Оразмұхамбетовамен таныстықтан соң Балжанның спортқа келуі жайлы аз-кем әңгіме еттік.

- Кішкене кезінен спортқа бейімділігі біліне бастаған соң 6 жасынан дзюдо, самбоға, бірер жыл каратэге қатысып, ойын техникаларын меңгерді. Жарыстарға қатыса бастады. Ұзынағашта өткен жарыста үшінші орын алып, жеңістің дәмін татты. Қазір жылға жуықтап қалды, қазақша күреспен жаттығып, шеберлігін шыңдап жүр. Бастапқыда әкесі қарсылық білдіргенін де жасырмаймын, - деген анасы Динара қызының болашағынан зор үміт күтеді.

Бесағаштағы №29 орта мектепте оқитын 9 жасар Балжан Өмірзақтың ұлттық спортқа деген таудай талабы сүйсінтпей қоймады. Қимылы ширақ, бастысы, жасқануды білмейтін тәуекелшіл қыздың табандылығы мен қайсарлығынан намыс оты лапылдайды. Көпшілік қызықтаған жарыс алаңында Балжанмен қатарлас Ясмина Әбдікаримованың да талапынысы таңданысымызды тудырмай қоймады. Балжанға қарағанда нәзіктеу әрі жұмсақтау мінез танытқанымен кілем үстіндегі өнері еркіндік пен ептілікті шебер меңгергенін айқын аңғартты.

- Бұл қыздарымның болашағы өте зор. Спорт үшін туған талантты қыздар, – дейді қазақша күрестен жаттықтырушысы, спорт шеберінің кандидаты Болат Базбашаев.

«Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген осы болар, бәлкім?! Небәрі 9 жастан талантымен танылып жатқан кішкентай балуан қыздардың күні ертең-ақ ел намысын қорғап, көк Туымызды желбіретер жеңімпаздар қатарынан көрінетіндігіне бек сенеміз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Тұздыбастау ауылы,

Талғар ауданы