АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БӘЙГЕГЕ ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 14.05.2019
Оқылды: 1467

«Талдықорған» атшабарында Жеңіс күніне орай ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық жарыс өтті. Сәйгүліктер сайысын облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ тамашалады.

Шара барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сөз алып, жұртты Жеңіс мерекесімен құттықтап, шабандоздарға табыс тіледі.

Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын халықтың ұрпағы емес пе едік?! Жеңіс күніндегі жүйріктер жарысына жиналған көрермендердің қарасы көп. Доданың алғашқы дүбірі тай жарысқа үкілеп қосқан тұлпарлардың шабысынан басталды. Көрермендер алғашқы айналымнан-ақ тартысты додаға куә болды. Тақымы тайға жабысқан шабандоздар  жиналған қауымның ықыласына бөленді. Бес шақырымдық тай жарысының қорытындысы бойынша бас жүлдені Жамбыл ауданынан келген Ғ.Рысқұловтың тайы жеңіп алды. 2-орынды Көксу ауданынан келген А.Байгудиновтың, 3-орынды ескелділік Е.Қадыровтың тұлпары еншіледі.

Құнан бәйгеде 9 шақырымға құйрық-жалы сүзілген кілең жүйрік желмен жарысты. Бұл топқа 15 құнан қатыстырылды. Ауыздықпен алысқан сәйгүліктер дала төсін дүбірге бөлеп, жарыстың көрігін қыздырды. Дода қорытындысы бойынша жүлделі үш орын да Жамбыл облысының жүйріктеріне бұйырды. 1-орынды Ә.Жұмабектің, 2-орынды А.Орынтайдың, 3-орынды Ұ.Омаровтың тұлпары жеңіп алды.

Топ бәйгеде 32 тұлпар 15 шақырымға көсілді. Бұл сында Қаратал ауданынан келген Ж.Смаиловтың сәйгүлігі топ жарды. 2-орын Ақсу ауданынан келген Е.Қанатовтың, 3-орынды Жамбыл ауданынан келген Ж.Нұрмақсұтовтың тұлпары иемденді.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар саналған 23 қылқұйрықтың 7 шақырымдық жорға жарысы да қызыққа толы болды. Нәтижесінде, 1-орын алматылық Елена Игорушкинаның, 2-орын Алакөл ауданынан келген Болатбек Қапсаламовтың, 3-орын алматылық Сергей Чернецкийдің сәйгүлігіне бұйырды.

Осыдан кейін халық қиқуға басып, асыға күткен аламан да басталды. Жан-жақтан жиналған  кіл жүйріктер ауыздықтарымен алысып, жүйтки жөнелді. Соңғы айналымдарда мықты деген дүлдүлдер суырылып алға озып, өз алдарына жеке бір топ құрса, бабы келіспеген біраз жүйрік жарыс жолынан қалыс қалды. Тартысты өткен додада 1-орынды Жамбыл ауданынан келген Мұрат Қозыбаевтың сәйгүлігі жеңіп алды. Мәрені екінші болып Балқаш ауданынан  келген Нұрлан Алтайбековтың жүйрігі кесті. Үздік үштікті Жамбыл ауданынан Қайрат Махановтың тұлпары түйіндеді.

Шарада жамбы ату, теңге ілу, көкпар, аударыспақ сияқты ат спорты ойындары өтті. Ұлттық өнерді ұлықтаған Ұлы Даланың ұландары көрермендерге керемет әсер сыйлады. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Айдар ҚАЛИЕВ